Ashyq жобасына қатысатын кәсіпкерлер демалыс күндері жұмыс істеуі мүмкін

Ashyq жобасына қатысатын кәсіпкерлер енді демалыс күндері жұмыс істеуі мүмкін.

Бұл туралы Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жобалық кеңсе отырысы барысында айтылды, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Қазақстан пемьер-министрі Асқар Мамин Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жобалық кеңсе отырысын өткізді. Отырыс барысында Ashyq жобасын одан әрі дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

«Қазіргі уақытта оған қатысушылардың саны 111 мыңнан асады. Олардың жартысынан көбі сауда, тамақтану және білім беру салаларында қызмет көрсетеді. Карантин талаптарын бұзу дерегін анықтау жобаға қатысушылар санын арттыру есебінен 15 есе өсті. Бизнес субъектілерін қамтуды одан әрі ұлғайту мақсатында Ashyq-қа қатысуға өтінім беру және QR-код алу тәртібі жеңілдетілді», - делінген хабарламада.

Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп Ashyq жобасына қатысушыларға демалыс күндері жұмыс істеуге мүмкіндік беру мәселесін пысықтауды тапсырды.

«Өңірлердің экономикалық картасы негізінде Мемлекеттік қолдау шараларын алушылардың бірыңғай тізілімін құру бизнесті қолдау шараларының барлық спектрінің тиімділігіне мониторинг жүргізу және талдау сапасын арттыруға мүмкіндік береді», - деді А. Мамин.

Үкімет басшысы «Атамекен» ҰКП жүргізген сауалнаманың түпкілікті қорытындысын егжей-тегжейлі зерделеуді және бизнесті одан әрі қолдау бойынша қосымша шаралар дайындауды тапсырды.