Елде бір жылда жеміс-жидек пен шырынды сусындар жеті процентке қымбаттады.
Энерджипром мәліметінше, баға әсіресе Шығыс Қазақстан мен Атырау және Қостанай облыстарында шарықтап кеткен. Ал шырын өндірісі 4,6 процентке артты.
Отандық кәсіпорындар бір жылда 32 миллион литр жеміс суын шығарады. Өндірістің басым бөлігі Алматы облысында орналасқан.
Сарапшылардың айтуынша, отандық кәсіпорындар ішкі нарықтың тек 56 процентін ғана шырынмен қамтиды. Қалғаны импорттың үлесінде. Яғни елге жыл сайын 23 миллион литр жеміс суы жеткізіледі екен. Қазақстанда шырынның құрамына нақты регламент енгізу керек. Өйткені кейбірі химиялық қоспаларды көбірек қосып, жеміс суының сапасын төмендетеді. Кәсіпкерлер осындай пікірде.
Айтуынша, алдағы бес жылда Қазақстанда жағдай өзгереді. Себебі Ауыл шаруашылығы министрлігі алма көшетін еккендерге субсидия беріп, техника және өзге де шығындарының бір бөлігін қайтарады.