Елімізде шағын және орта бизнеске қандай қолдау бар?

Қиын шақта шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау үшін бизнес иелеріне несие беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жеңілдікке ие болатын қызмет түрлерінің тізбесі кеңейтіліп, субсидиялау мерзімі ұзартылды. Бұл мақсатқа бюджеттен 18 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Мұны бүгін ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов айтты. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында да жеңілдікпен несие беру жалғаса береді. Қаржы жылдық 6 процент мөлшерлемемен 5 жылға беріледі. Несие сомасы 7 млрд теңгеге дейін. Ал 2019 жылдан бастап аталған бағдарлама аясында несиені басымдыққа ие жобаларға беру тетігі енгізілді.

Тимур Жақсылықов, ҚР ұлттық экономика бірінші вице-министрі:

– Елге бұл тетік «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы ретінде белгілі. Бағдарлама халық тұтынатын тауарларды қолдауға бағытталған. Осылайша «Қарапайым заттар экономикасы» жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қуатын арттыруға, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және оларға халықтың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында кәсіпкерлерге 6 процент мөлшерлеме бойынша жеңілдікпен кредит беру ұсынылады. Кредит сомасы шектелмейді, ал субсидиялау мерзімі – 10 жыл.