Жарты жылда 120 мыңға жуық ірі қара мал экспортталды

Биыл бірінші жарты жылдықта Қазақстаннан 18 мың тоннадан астам ет экспорталды, ал импорттың жалпы көлемі 75 мың тоннадан асты деп хабарлайды LS агенттігі.

Бірақ импорттың басым бөлігі құс етіне тиесілі. Сондай-ақ бұл сараптамада тірідей экспортталған ірі қара мал ескерілмегенін айта кеткен жөн.

Биыл жарты жылда Қазақстаннан шетелге 120 мыңға жуық ірі қара мал экспортталды. Ақшаға аударғанда бұл 120 миллион доллар шамасында. Жалпы ірі қара мал саудасы бойынша осы кезеңде оң сальдо байқалады. Бұл туралы Еліміздің ет өндірушілер одағының бас директоры Мақсұт Бақтыбаев хабарлады. Қой еті мен құс еті бойынша да сальдо жаман емес. Бірақ биыл шошқа етінің саудасы қысқарған. Осы тұста одақ өкілдерін шошқа етінің экспорты алаңдатып отыр. Өйткені бұл бағытта теріс сальдо тіркелді. Еске салайық, жергілікті тұрғындардың шағымынан соң және экологиялық мәселлерге қатысты Ақтөбе шошқа фермасы биыл жабылды. ол шошқа етін өндіретін еліміздегі ең ірі кешендердің бірі болған. «Кәсіпорын тауарын негізінен Ресей мен Арменияға экспорттады. Бірақ кешен жабылып, өндіріс тоқтаған сәттен бастап шошқа еті саудасына қатысты көрсеткіштер төмендеп кетті»,– деді Мақсұт Бақтыбаев. Ол аталмыш тауар саудасы бойынша теріс сальдоны осымен байланыстырады.

ЕЛОРДАДА ТӨМЕН БАҒАМЕН ЕТ САТАТЫН ЕКІ ПАВИЛЬОН АШЫЛАДЫ

Биыл елордалықтардың етті өндірушілерден тікелей сатып алуға мүмкіндігі пайда болады. Отандық тауар өндірушілер қала әкімдігімен бірлесіп арнайы базар мен павилондарды салуды қолға алған. Пилоттық жоба аясында Нұр-Сұлтан қаласында сегіз павильон салу жоспарланды. Олардың екеуі биыл ашылады деді ет өндірушілер одағының бас директоры Мақсұт Бақтыбаев. Бұл ет өнімдерін едәуір төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік береді. Арнайы сауда орындарындағы ет делдалсыз жеткізілетіндіктен, оның бағасы шамамен 10-15 процентке арзан болуы тиіс деді одақ өкілі. 

Айта кетейік, елімізде биыл ет  14-15 процентке қымбаттады. Ауыл шаруашылығы министрлігі бағаның өсуіне жем шөптің 25 процентке өсуі мен ет саудасындағы делдалдар себеп деп түсіндірді. 

ЕКІНШІ ДЕҢГЕЙЛІ БАНКТЕРДІҢ ТАБЫСЫ ӨСКЕН

Елдегі екінші деңгейлі банктердің табысы рекордтық деңгейге жетіп, 37%-ын құрады. Бұл биылғы жылдың екінші тоқсанында тіркелген сандар. Бұл туралы қаржы ұйымдарына шолу жасаған Fitch Ratings агенттігі хабарлады. Болжам бойынша жылдың екінші жартысында аталған көрсеткіш аздап төмендегенімен, қысқа мерзімде оң динамика сақталады. Агенттіктің мәліметінше, банктердің табысы артуының бірден бір себебі тұтынушылық несиеге басымдық беруінде. Алайда, осы сектордағы құнсызданған кредиттердің орташа көрсеткіші жалпы көлемнің 17% алып отыр. Бұл бірқатар банктердің несиелері бойынша қаражаттарын өндірліп алуына және «АТФБанктің» проблемалық активтерін тапсырылуымен байланысты. Жалпы есеп 23 банкті қамтиды. Оларға Қазақстанның банк жүйесі активтерінің 99%-і тиесілі.

ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯЛАРЫ ОТАНДЫҚ МАТЕРИАЛДАРДЫ ҚОЛДАНУҒА МІНДЕТТЕЛЕДІ

Құрылыс компаниялары отандық құрылыс материалдарын қолдануға міндеттеледі. Бұл саладағы қазақстандық өнім үлесін арттыру үшін жасаламақ. Сонымен қатар, сараптамадан өткеннен кейін компанияларды жобаның жиынтық ведомостін epsd.kz порталында жариялауға міндеттейтін нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілді. Бұл бюджет және квазимемлекеттік сектор қаражаты есебінен салынатын нысандарға ғана қатысты.

Айта кетейік, қазір мемлекеттік тапсырыс бойынша 100-ге жуық тұрғын және әлеуметтік ғимарат салынып жатыр. Сонымен қатар құрылыс кезінде сәйкестік сертификатын қолдану, сметаларда және орындалған жұмыс актілерінде құрылыс материалдары шығарылған елді көрсету міндеттеледі. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, Құрылыс комитеті осы бағытта құқықтық базаны қалыптастыру жұмыстарын аяқтады.

Валюта бағамына тоқталайық. Ұлттық банк деректеріне сай доллар 424,72 теңге, еуро 498,92 теңге. Ресей 5,76 теңге.