Мұнай-газ саласында қандай өзгеріс болады?

Мұнай-газ жобаларында қазақстандық үлеске басымдық беру қажет. Әрі Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарын кеңейтуге арналған жобалар дер кезінде жүзеге асуы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Президент бүгін бейнебайланыс арқылы шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысын өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиында мұнай-газға инвестиция тарту мен саланы одан әрі дамыту жайы қаралды. Белгілі, мұнай-газ секторы еліміздің жалпыұлттық дамуында әрқашан маңызды рөлге ие әрі ел экономикасының қозғаушы күші.

Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан мұнайға бай мемлекет ретінде бар әлеуетін мейілінше тиімді пайдалануға міндетті деді. Осыдан соң Кеңес пен Үкімет мүшелерінің алдына бірқатар міндет қойды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Елдің экономикалық өсімін қамтамасыз ету үшін Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарын кеңейту бойынша жобаларды дер кезінде жүзеге асыру маңызды. Осыған байланысты Теңіз кен орнын кеңейту жөніндегі жобаның құрылыс жұмыстары 20 процентке кешігіп жатқаны жөнінде маған ақпарат берілді. Сондықтан Үкімет жоба операторымен бірлесе отырып, жұмыстарды аяқтау мерзімін кешіктірмеу үшін тиісті шаралар қабылдайды деп ойлаймын.

Ал Қарашығанақ кен орнын кеңейту бойынша жұмыстар көңіл көншітеді. Газ өндіру кезіндегі шектеулер жойылды. Осыдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Қашағанға тоқталды.

Кен орнын игеру бойынша жол картасы қабылданды. Президент мұнай өндіруді тәулігіне 1,1 миллион баррельге дейін ұлғайту бойынша жұмыстың жоспарын жасау қажет деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қашағанды толық игеру бойынша жоспарда барлық кезең қамтылуы тиіс. Екінші. Сіздермен бірлесе инвестиция ұсынудың жаңа механизмі әзірленді. Бұл құжат инвестициялық преференцияларға кепілдік бере отырып, олардың құқықтық жағынан қорғалуы мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Осыған байланысты Үкімет фискалдық басымдықтар пакетін анықтауды жеделдетеді әрі  жыл соңына дейін заңнамалық нормалардың қабылдануын қамтамасыз етеді.

Бүгінде салада тағы бір келісім әзірленіп жатыр. Құжат алдағы уақытта инвесторлардың жер қойнауын зерттеп, барлау және өндіру жұмыстарымен айналысуына кепілдік береді.

Әрі бүгін Президент мемлекеттік органдарға инвесторлардың мәселесін жедел шешіп беруді міндеттеді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін Ведомствоаралық фронт-офис құру туралы келісім жасалды. Бұл фронт-офиске салалық министрліктер басшыларының орынбасарлары кіреді және оны энергетика министрі басқарады.

Үкімет фронт-офистерді екі айдың ішінде ашуы тиіс. Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев қолданыстағы мұнай-газ кен орындарында газ өңдеу қуатын арттырудың маңызды екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бұл тұрғыда Қашағандағы газ өңдеу зауыты құрылысының дер кезінде басталғаны маңызды оқиға болды. Үкімет «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесіп, жаңа газ өндіру жобалары үшін жер қойнауын пайдаланушылардан газ сатып алатын бағаның ынталандыру формуласын жасады. Сондықтан сіздерді тауарлық газ өндірісін ұлғайту бойынша жобаларды іске асыруға атсалысуға шақырамын.

Мұнай-газ жобаларында қазақстандық үлеске басымдық беріледі

Тек газ өндірісін ұлғайту емес, көмірсутегі шикізаттарын терең өңдеуді дамыту да маңызды. Президент осы орайда газ-химия жобаларына көгілдір отын қолдану өнеркәсіптің шикізаттық бағытын төмендетеді деді.

Әрі мұнай-газ жобаларында қазақстандық үлеске басымдық беру қажет екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Chevron, Total, Eni, ExxonMobil, Agip сияқты ірі кәсіпорындардың қолдауымен біз Мұнай-газ машиналарын жасауды дамыту халықаралық орталығын құрдық. Үкіметке халықаралық озық тәжірибеге сүйене отырып, тиімді технологиялар трансферті жүйесін құруды тапсырамын.

Үкімет жыл соңына дейін заңнамалық нормалардың қабылдануын қамтамасыз етіп, көтерілген барлық мәселе бойынша атқарылған жұмыстардың есебін береді.

Қорған Қонысбайұлы