Ескі ақшаны ауыстыруға мүмкіндік пайда болды

Ұлттық банк мерзімі өтіп еткен ескі ақшаларды қайта айырбастап алуға мүмкіндік беріп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – 2006 және одан кейінгі жылдары шыққан банкноттарға қатысты қабылданған шешім. Себебі ел ішінде ескі купюраларды ауыстырып үлгермеген азаматтар әлі де баршылық. Әсіресе, егде жастағы тұрғындар.

Қазақстан Ұлттық банкі 2021 жылдың 12 маусымынан бастап 2006 жылы және одан кейінгі жылдары шыққан банкноттарды мерзімсіз айырбастау кезеңі күшіне енгенін еске салды. Осы уақыт аралығында қазақстандықтар жалпы көлемі 163 млн теңгеден көп ақшаға 66 403 банкнот айырбастаған еді.

Серікжан Майданов, ҚҰБ қорларды жоспарлау және талдау басқармасы бастығының орынбасары:

– Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінің 12 маусымындағы осы 2021 жылғы шешіміне байланысты 2006 жылғы үлгідегі банкноталар және одан да кейін шыққан банкноталарды ҚҰБ филиалдарында мерзімсіз айырбастауға болады.

Айта кетейік, айналымнан шыққан 2006 жылғы үлгідегі номиналы 500, 1000, 2000, 5000 және 10 000 теңгелік банкноттарды шекті мерзіміне қарамастан ҚҰБ-тың аумақтық филиалдарында айырбастауға болады.

Серікжан Майданов, ҚҰБ қорларды жоспарлау және талдау басқармасы бастығының орынбасары:

– 12 маусымнан бастап бізге түскен өтініштерді қарадық. Ең көп өтініш Алматы (16,6%), Нұр-Сұлтан (9,7%) және Қарағанды облысы (8,8%) тұрғындарынан түсті. Айырбастауға қабылданған купюралардың негізгі үлесін – номиналы 500 теңгелік банкноттар (47,1%) құрайды.

Ұлттық банктің филиалдары айналымнан алынған банкноттарды айырбастауды жалғастыруда. Ескі ақша кассаларда жұмыс күндері қабылданады.

Гүлзия Нақыпқызы