Қымбатшылық еліміздегі құрылыс жұмыстарын тоқтатты

Елде құрылыс материалдарының күрт қымбаттауына байланысты кейбір құрылыс нысандарда жұмыс тоқтап қалды. Әсіресе мемлекеттік тапсырысты орындап жатқан компаниялар тығырыққа тірелген.

Өйткені қажетті материал жобаны жасап, қаржысын есептеген кездегі бағадан әлдеқайда қымбат. Кәсіпкерлер бюджетті қайта қарауды ұсынып отыр. Тек қана Нұр-Сұлтан қаласында 34 жобаны қайта қаржыландыру бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне өтініш жасалды. Енді оны ішкі аудит комитеті тексереді. Егер мақұлдаса, бюджеттік комиссияға енгізіліп, қаржы бөлу мәселесі қарастырылады. Есеп бойынша Елордадағы жобаларды қосымша қаржыландыруға шамамен 60 миллиард теңге керек. 

Бейсен Жолболдиев, қалалық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

- Арнайы алгоритм жасалды. Сметалық құжаттамаларды қайта қарастыру бойынша. Енді бұл жерде кімдер қатыса алады десеңіз, тізімге енгізу керек. Ол үшін кемінде 10 проценттен жоғары қымбаттау болуы керек. Одан кейін 50 процентке дейін жасалған жұмыстар бойынша қарастырылып жатыр. Құрылыс басқармасын алатын болсақ, оның өзінде 17 нысан бар. Оның он нысан бойынша оң шешімін тауып, олар ісін бастады.