Еңбек министрлігі жұмыссыз статусын алу барысын жеңілдетті

ҚР Еңбек министрлігі жұмыссыз мәртебесін алу процедурасын жеңілдетті. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Адам жұмыссыз ретінде тіркелуі үшін қосымша дәлел талап етілмейді. Олар Жұмыспен қамту орталықтарымызға онлайн немесе жеке куәлігімен офлайн форматта жүгінеді. Біз оларды тіркеуге аламыз. Екінші форматы – бұл Электронды еңбек биржасы сайты арқылы. Олар өтініш жібереді. Бірақ электронды цифрлық қолтаңбаны қолдануы қажет. Біз өз кезегінде ішкі салыстыру, тексеру жүргіземіз. Зейнетақы жинағына төлем жасады ма, еңбек қатынасында тұр ма тексереміз. Ішкі тексеруді өз күшімізбен жүргіземіз. Яғни азаматқа жұмыссыз қалғандығын дәлелдеудің қажеті жоқ», - деді Ержан Біржанов.

Айтуынша, бұрындары жұмыссызды есепке алу үшін 10 жұмыс күні қажет болатын. Бүгінде бұл процедура 3 жұмыс күніне дейін қысқарып отыр. Егер адам өтінішті аптаның басында берсе, онда апта соңына қарай ол жұмыссыз статусын алады.