425,85 504.32 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қымбатшылық құрылыс жұмыстарын тоқтатты

  • 135
  • UPD: 11:18, 29.08.2021

Елде құрылыс материалдарының күрт қымбаттауына байланысты кейбір құрылыс нысандарда жұмыс тоқтап қалды.

Әсіресе, мемлекеттік тапсырысты орындап жатқан компаниялар тығырыққа тірелген. Өйткені қажетті материал жобаны жасап, қаржысын есептеген кездегі бағадан әлдеқайда қымбат. Кәсіпкерлер бюджетті қайта қарауды ұсынып отыр. Тек қана Нұр-Сұлтан қаласында 34 жобаны қайта қаржыландыру бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне өтініш жасалды. Енді оны ішкі аудит комитеті тексереді. Егер мақұлдаса, бюджеттік комиссияға енгізіліп, қаржы бөлу мәселесі қарастырылады. Есеп бойынша, Елордадағы жобаларды қосымша қаржыландыруға шамамен 60 миллиард теңге керек.  

Бейсен Жолболдиев, қалалық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

– Арнайы алгаритм жасалды. Сметалық құжаттамаларды қайта қарастыру бойынша. Енді бұл жерде кімдер қатыса алады десеңіз, тізімге енгізу керек. Ол үшін кемінде 10 пайыздан жоғары қымбаттауы болуы керек. Одан кейін 50 пайызға дейін жасалған жұмыстар бойынша қарастырылып жатыр. Құрылыс басқармасын алатын болсақ, оның өзінде 17 нысан бар. Оның он нысан бойынша оң шешімін тауып, олар ісін бастады.

Мемлекеттік сатып алу кезінде сөз байласқандар, автоматты түрде анықталады. Елдің бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі осындай жүйе ойлап тапты..

МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУДА ӘДІЛ БӘСЕКЕЛЕСТІК БОЛАДЫ

Кейінгі екі жылда елде бағаны белгілеу кезінде астыртын сөз байласқан 50 жағдай анықталды. Оларға 1 миллиард 700 миллион теңге айыппұл салынған. Енді осындай алаяқтықтың алдын алу үшін ӨРНЕК жүйесі іске қосылмақ. Ол өтінішті қай жерден, кім, қашан жібергенін, олардың электронды мекен-жайы, қызмет немесе тауар үшін ұсынған бағалары туралы ақпаратты саралап, ұқсастықтарын анықтайды. Осылайша түбі бір, бірақ тендрді жеңу үшін екі жақтан келіп тұрған компанияларды анықтап, ойын іске асырмайды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғариннің айтуынша, басты мақсат қаржыны үнемдеу емес, нарықта әділ бәсекелестікті сақтау.

Серік Жұманғарин, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы:

–Жалпы сомасы 7,2 миллирд теңге болатын сатып алу конкурсына екі компания қатысқан. Сауда кезінде біреуі бағаны екіншісіне қарағанда 0,004% төмен ұсынып жеңіске жетеді. Тексеру кезінде екі компанияның мекен-жайы бір жерде тіркелгені, өтініші бір компютерден араға 14 минут салып жөнелткені, хаттың мәтіні мен орындаушысына дейін бір адамның тегі жазылғаны анықталды. Олар бағаны өте аз түсіріп, саудаланған қызметті максималды құнына жеңіп алып отырған.

ИПОТЕКАЛЫҚ ҚАРЫЗ 13% АЗАЙДЫ

Құрылыспен қатар нарықта тұрғын үй саудасы да баяулап қалды. Сұраныс азайған соң пәтер иелерінің 30 проценті бағаны түсірген. Сондай-ақ шілдеде ипотекалық несие беру көрсеткіші 13 процентке төмендеді. Бірінші несие бюросының мәліметіне қарағанда жыл басынан бері елде 48 мың адам ипотекалық қарызды мерзімінен бұрын жауып тастады. Былтырғыдан екі есе көп. Оған зейнетақы жинақтаушы қорынан қаржы алуға мүмкіндік берілуі әсер еткен. Мәселен қарызды толық қайтаруға қордан 33 миллиард теңге, жартылай төлеуге 130 миллиард теңге жөнелтіліпті. Бұған қоса Биыл баспана хит бағдарламасы тоқтатылды. Бұл да ипотекалық несиенің азаюына әсер етткен.

БІР АПТАДА МҰНАЙ 10% ҚЫМБАТТАДЫ

Осы аптада мұнай құны өсті. Жұма күнгі саудада қара алтынның бағасы 1,5 процентке қымбаттады. Оған Мексика шығанағында дауыл соғып, компаниялардың өндірісті азайтуы әсер етті. Сондай-ақ әлемде эпидемиологиялық ахуал нашарлайды деген инвесторлардың қауіпі сейіліп, нарықта белсенділік артқан. Бұған қоса АҚШ-тың мұнай институты елдің қара алтын қоры 1,6 миллион баррелге төмендегені туралы мәлімдеме жасады. Осының бәрі бағаның көтерілуіне септігін тигізді. Нәтижесінде қазан айында жеткізілетін Брент маркалы қара алтынның баррелі 72 доллардан асты. Ал WTI маркалы мұнайдың бөшкесі 68 доллар 57 центтен саудаланды. Блумберг сарапшыларының есебінше бір апта қара алтын 10 процентке қымбаттаған.

Бүгін Қазақстан қор биржасында АҚШ-тың бір доллары 425 теңге 75 тиын. Еуро 501 теңге 67 тиынға тең. Ал Ресей рубльі 5 теңге 75 тиыннан саудаланып жатыр.

 

Хабар 24 телеарнасы