Биыл Ақмола облысында егін түсімі төмен болады

Биыл Ақмола облысында егіннің жағдайы мәз емес. Аптап ыстық пен жауын-шашынның аз түсуі егіншілердің шаруасын шатқаяқтатып жіберген.

Биыл егін жинау науқаны 23 тамызда басталған еді. Күздік терім алдағы 1 ай ішінде аяқталатын көрінеді. Бірақ шаруалар өнімнің аздығына алаңдап отыр. Биыл 3 - 3,5 миллион тоннаға дейін астық жинау жоспарланыпты. Бұл былтырғымен салыстырғанда төмен көрсеткіш.

Мұрат Іргебаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазір орташа өнімділік гектарына 7 центнерді құрап отыр. Бірақ ауа райының қолайсыздығы шаруаларға оңай болмады. Өткен жылы 5 миллион тоннадан астам астық жиналған еді. Алайда биыл егін өнімі төмен болады деген болжам жасалып отыр.