Ұлттық банк экономика саласында зерттеу жүргізгісі келетіндерге грант ұсынады

Ұлттық банк экономика саласында зерттеу жүргізгісі келетіндерге грант ұсыну үшін байқау жариялайтынын хабарлады.

Гранттардың ақшалай жалпы көлемі – 150 миллион теңге. Бағдарламаның мақсаты – қазақстандық жоғарғы оқу орындар мен ғылыми-зерттеу институттарының қаржы секторы саласындағы академиялық әлеуетін арттыру дейді Ұлттық банк өкілдері.

Биыл Қазақстан Ұлттық банкі алғаш рет ізденушілер арасында экономикалық зерттеулермен айналысуға ынталандыратын гранттарды әзірлеп отыр. Бұл іске ең алдымен еліміздегі жоғарғы оқу орындарды, ғалымдар мен студенттерді тарту көзделген. Негізгі басымдық – ақша-кредит саясаты, қаржылық тұрақтылық, фискалды саясатты іске асыру сынды еліміздің қаржы саласын дамытуға арналған тақырыптық жобаларға беріледі.

Сәбит Хәкімжанов, ҚР ҰБ зерттеулер және талдама орталығы департаментінің директоры:

– Бұл сұрақтар Ұлттық банк пен қаржы реттеушінің мандаттық міндеттеріне кіреді. Ол қаржылық және макроэкономикалық тұрақтылық. Сол арқылы біз Ұлттық банк алдында тұрған мәселелерді түсінуді, дискурс жасау арқылы ортақ проблемаларды саналы түрде талқылау деңгейін көтереміз деген үміттеміз.

Байқауға қатысушылар Ұлттық банктің порталындағы өтінімді рәсімдеуі қажет. Ол жерде әдістеме, зерттеу нәтижелері, авторлар мен ғылыми жұмыстың бюджеті жазылады. Бұған қоса зерттеу материалы қай жерде жарияланғаны туралы ақпарат көрсетілуі қажет.

Сәбит Хәкімжанов, ҚР ҰБ зерттеулер және талдама орталығы – департаментінің директоры:

– Біз байқаудың басталғанын 10 тамызда хабарладық. Өтінімдерді қабылдау мерзімі – 45 күн. Яғни 24 қыркүйекке дейін жобаларыңызды әзірлеп, порталға тіркелу қажет.

Ұлттық банк бөлетін барлық гранттардың жалпы көлемі – 150 млн теңге. Қаржыландыру 14 тақырып бойынша жасалады. Банк өкілдері грант бағдарламасы келесі жылы да жалғасады деген үмітте.

Алмас Садуақас, Эдуард Кон