Еліміздің құс өсірушілері қолдауға зәру

Президент бағаны тұрақтандыру жайын да тілге тиек етті.

Бұл үшін азық-түлік бағасын бақылау жөніндегі бірыңғай орган құрылмақ. Қазір мұндай міндетті бірнеше ведомство атқарып отырғаны белгілі. Дегенмен, құс өсірушілер одағы «өнім құнын арттыруға мәжбүрміз» дейді. Қыстан қысылмай шығу үшін шаруаларға 650 мың тоннадай жемдік бидай қажет. Бірақ жем-шөп бағасы аспандап тұр. Құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шәріпов азық-түлік корпорациясынан жемдік қор құруды сұрағанын айтады. Яғни қажет азықтың жартысын сатып алу ұсынылды. Бірақ мардымды жауап алынған жоқ. Оның үстіне жаңа жиын-терім өнімін арзан бағада сату жайы сөз болмаған. Демек, жемдік дақылдар нарыққа сай сатылады. Бұл жұмыртқа мен ет бағасына тікелей әсер етеді. Өйткені фуражды бидайдың бір тоннасы 110 мың теңге болса, оған 15 мың теңгелік тасымал құнын қосыңыз. Әрі құсты асырауға қажет жабдық пен дәрмек түгелдей сырттан алынады. Міне осы шығындар өнім құнының 70 процентін құрайды екен. Осылайша қысқа қарай жұмыртқа тағы 7 процентке қымбаттауы мүмкін. Ал мемлекеттен жәрдем болмаса, шаруалар құс басын азайтуға мәжбүр болады. 

Руслан Шәріпов, Қазақстан құс өсірушілер одағының президенті:

- Қазірдің өзінде Қарағанды мен Алматы облыстарындағы 4 құс фермасы жабылып қалды. Елде 49 млн тауық бар. Олардың санын азайтар болсақ, дайын өнім де қолжетімсіз болады. Күзде жұмыртқаның бір данасын 30 теңгеге сатуымыз мүмкін. Еттің келісі 1000 теңгеден асады. Біз бұлай болғанын қаламаймыз. Нарықтағы ахуалды бақылаймыз әрине. Тек жем-шөпсіз жағдай қиындайды. Бүгінде елді толықтай отандық жұмыртқамен қамтып отырмыз. Тұтынылатын 350 мың тонна құс етінің 250 мыңы өзіміздікі.