Мұнайшы күніне орай Маңғыстауда сала үздіктері марапатталды

Маңғыстауда мұнай бұрқағының атқылағанына 60 жыл. Мерейлі датаға орай, «Маңғыстау-Мұнайгаз» акционерлік қоғамы ұжымының үздіктері марапатталды. «Жетібай» өндірістік басқармасында 30-дан астам мұнайшыға төсбелгі мен алғыс хат табысталды.

1961 жыл. Майлы қиян Маңғыстау үшін «ақ түйенің қарыны жарылған» сәт. 5 шілдеде Жетібайда тұңғыш мұнай бұрқағы атқылады. Содан бері 70-тен астам кен орыны ашылды.

Айтулы күнді «Маңғыстаумұнайгаз» ұжымы шағын ғана шарамен атап өтті. Үздіктер құрметтеліп, басқарма басшылары құттықтауын жеткізді. Компания Маңғыстау облысы бойынша мұнайдың 31%-ін өндіреді. Биылғы жоспар белгілі. 6 млн тоннаға жуық қара алтынды өндіру. Әлеуметтік қолдау да тыс қалмақ емес.

Жетібай Төлеғожаев, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директорының орынбасары:

- Пандемияға байланысты 25 демалатын аппарат, компьютерная томография, сосын 30 жедел автокөлікпен көмектестік. Қуаңшылыққа байланысты жергілікті тұрғынға спонсорлық көмек ретінде көліктерге шөп шауып жатқан Маңғыстау облысы Қарақия ауданына 100 тонна дизель отынымен көмектесіп жатырмыз. Биыл көптеген шараларымыз бар еді. Карантинге, шектеуге байланысты болған жоқ. Төл мереке құтты болсын! Мұнай көп болсын. 

56 жастағы Базаргүл Сатқанова Құрмет грамотасын алған үздіктің бірі. Әулетімен осы салада еңбек етеді. Ол 40 жыл бойы дүлей суық пен шілденің қайнар ыстығына қарамастан қара майдың ортасында жүрген.

Базаргүл Сатқанова, «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының 4-дәрежелі операторы:

- Түнімен сварка шақыртамыз, оның қасында жүреміз. 10 сағаттай далада жүріп жасаймыз, даже етігіміз аяздан жыртылып кетті, сондай уақытқа дейін жүрдік. Еңбегіміздің жемісін енді көріп жатырмыз. Қазір техника күшті дамыған заман ғой, жеңіл. 

Мереке қарсаңында «Қаламқасмұнайгаз» ұжымы да тыс қалмады. Еңбегі ерен жұмысшылар марапатталып, құрметке бөленді. 

Әйгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев