Атыраулықтар шырын таңдауда жергілікті кәсіпкердің өніміне басымдық береді

Атыраулық кәсіпкер алма өсіріп, одан шырын алады. Бұрын өзгенікін алып келген жұрт енді жергілікті өнімге бой үйрете бастаған. Халық та риза, кәсіпкер де пайдаға кенелді. Қазір өңірде мемлекеттің қолдауына сүйенген ауыл азаматтары өздері өндірген ет-сүт, көкөніс, алма мен лимонды өздері өңдейді. Сөйтіп, Атырауда жасалған тауарлардың қатары молығып келеді.

Атыраудағы алма бағынан кәсіпкер жылына 400 тоннадан астам алма жинап келген еді. Осынша мол өнімді игеру қиын болғандықтан шаруашылық Ресейдің көршілес Волгаград қаласына жөнелтетін. Бірақ шетелде өңделетін өнімнің бағасы қымбат және тасымал шығыны көп еді. Енді кәсіпкер өз өнімін өзі өңдеп көрмек.

Владимир Розметов, шаруашылық жетекшісі:

- Бұл немістің технологиясы алма шырынын алуға арналған. Тәулігіне 2 тонна шырын аламыз. Бұрын алманы Ресейге экспорттап келдік. Енді өзіміз өңдейміз. Әзірге мұнда 7 адам жұмыс істейді. Өндіріс толық қуатына жеткенде қосымша тағы 12 адам аламыз. Ол кезде алма шырыны, лимонад, квас өндіреміз.

Махамбет ауданы бірыңғай ауыл шаруашылығымен айналысады. Аграрлы аудан мұнайлы өңірдің картоп, пияз басқа да көкөніске деген қажетін өтеп келеді. Мұнда жылына 1 млн дана жұмыртқа өндіретін құс фабрикасы, заманауи технологияға негізделген жылыжайлар жыл бойы өнім береді. Енді шаруалар бизнестің жаңа белесін бағындырып, өнім өңдеуді қолға ала бастады.

Ринат Жанқылышев, Махамбет ауданының әкімі:

- Махамбет ауданында 7 жоба жүзеге асып жатыр. Атап өтетін болсақ, бройлер құс етін өңдейтін кәсіпорын, қуаттылығы 2,5 тонна болады. Қосымша жылыжай кешені бар. Ол жерде қияр, қызанақ шығару жоспарлануда. Сол жерде өнім консервіленіп тұтынушыға дайын берілетін болады. Қосымша 60 адам жұмысқа тартылады, осылайша әлеуметтік мәселені де шешуге қол жеткіземіз.  

Өңдеу өнеркәсібін дамыту арқылы жаңа жұмыс орындары пайда бола бастады. Бастысы, ауыл азаматтары өз өнімдерін тек шикізат емес, халықаралық стандарттарға сай өңдеуге қол жеткізуде. Нәтижесінде ауылдық жерлерде жаңа кәсіпорындар ашылды. Бүгінде Атырауда ешкі сүтінен 12 түрлі өнім шығаратын кәсіпорын ет өнімдерін өңдейтін кешенді комбинат жұмыс істеп тұр. Енді оған шырын шығаратын тағы бір шағын цех қосылды.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Алма шырынын өзге шаруашылық лимонариямен де айналыса бастаған. Осыдан екі жыл бұрын егілген лимондар қазір қол жайып, өнім бере бастаған. Бұйырса, осы қараша айында лимондар да өңделетін болады. Демек, осы арада тәулігіне 1,5 тонна лимон шырынын алуға мүмкіндік туады.

Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов