423,91 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

БҚО-да ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асып жатыр 

  • 136
  • UPD: 15:34, 06.09.2021

Батыс Қазақстан облысында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес компаниясы «Аграрлық несие корпорациясының» қаржылық қолдауымен ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Олардың қатарында Бәйтерек ауданының Янайкино ауылындағы ірі мал бордақылау кешені мен жылына 7,3 тонна көкөніс өсіруге мүмкіндік беретін «World Green Company» жылыжай кешені бар. Нидерландтық технология қолданылатын кешеннің жалпы аумағы 11 гектардан асады. Жылыжай қыркүйек айының соңына қарай пайдалануға беріледі.

Янайкин ауылындағы ірі мал бордақылау кешені 5 жылдан бері тоқтап қалған еді. Жаңа инвестор жобаны толық қайта қалпына келтіруге 4 миллиард теңге жеке қаражатын жұмсады. Қазір кешенде 3 мың бас ірі қара бордақылануда. Келешекте оның санын 7000 басқа дейін жеткізу жоспарда. Былтыр компания «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 2 миллиард теңге көлемінде қаржылай қолдау алды.

Вячеслав Гуссамов, «Ақорда capital» компаниясының жетекшісі:

– 200-бен 400 клі аралығындағы мал бордақылауға қойылады. Ал тірілей салмағы 400 келіден асса бірден сою цехына жөнелтеміз. Кешікпей Оралда өнімді өткізетін дүкендер желісі ашылады.      

Аймақта жүзеге асып жатқан келесі жоба еліміздегі ең ірі жылыжай кешендерінің бірінен саналады. Нидерландтық технология бойынша жұмыс істейтін кешенде 150 адам жұмыспен қамтылған. 

Мұрат Ибрагимов, «World green company» ЖШС директоры:

- Кешен дайын тұр, жалпы көлемі - 11,8 гектар. 5 гектарға қияр егіледі. Екінші жағында 5,6 гектар жерде қызанақ егіледі. Қуаттылығы 7 мың тоннаға дейін. Бүгінгі таңда 9 миллиард теңге беріп тұр. Ол көп ақша. Корпорация болмаса мынадай жоба болмас еді деп ойлаймын. Өзіміздің қаражат - 15 процент.

Руслан Ескендір, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ маркетинг және PR қызметінің басшысы:

- Агроөнеркәсіптік кешенге жоғары сапалы өнім алуға бағытталған инвестициялар мультипликативті әлеуметтік-экономикалық әсер береді. Соңғы 3 жылда Аграрлық несие корпорациясы жалпы сомасы 122,5 миллиард теңгені құрайтын 128 инвестициялық жобаны қаржыландырды.

Көкөніс өнімдерін келешекте Ресейдің көршілес облыстарына сату көзделіп отыр. Жергілікті өнім бағасы импорттық көкөністерге қарағанда төмен болады дейді кәсіпорын басшылары.

Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы