Кедендік құнды бақылау: Өзбекстаннан келген жүк көліктер тексеріліп жатыр

Өзбекстаннан Қазақстан аумағына жеміс-жидек тиеген жүк көліктері тауарды кері қайтарудан басқа амал таппай отыр. Түркістан облысындағы «Қабланбек» кеден бекетінде 2 тәуліктен астам уақыт тұралап қалған кәсіпкерлер тез бұзылатын тауар түрін сақтап, шығынға шаш етектен батпаудың жалғыз жолы осы дейді.

Жеміс-жидек пен көкөніс тауарын тиеп өзбек ағайындардан ел аумағына тасымалдап келген кәсіпкерлерге бұл жолы қиындық тұсау болды. Олар жүк көліктерін ел ішіне енді ғана кіргізе бергенде тексерістің күшейгенін байқаған. Автоматтандырылған жүйеге қажетті құжатты көрсеткен кәсіпкерлер тағы да еш кедергісіз өтеміз деп ойлап еді. 

Нұрболат Арапбаев, жеке кәсіпкер:

- Корректировка жасаймыз дейді. Ол корректировканы жасау үшін бізде 1 фураның үстінен мысалыға 200 мың теңге төлеуім керек. Расчетым бар. Мен алып кеп жатырмын. Есептеймін. Мынаншадан алып, базарға мынанша төлеймін. Базарға шыққаннан кейін нарық осынша болады деп мен келісемін. Қазір корректировка жасап 1 доллар 2 центке көтереміз дейді. Үстінен тағы 600 мың теңге төлеуім керек. Предоплата жасауға мен банкротпын.

Тауардың алғашқы легі ел аумағына кіргізіліп, басым бөлігі сыртта қалды. Яғни бас көтерген бес фирманың әрқайсысында шамамен 100-ге жуық жүк көлігі жеміс-жидекке толы. Шығынға шаш етектен батамыз ба деп алаңдаған жұрт енді жүк тасымалын тоқтатып, кері қайтарудан өзге амал таппай отырмыз дейді. 

Нұржан Жұманов, жеке кәсіпкер:

- Менің фирмамда 2 фурам тұр. Арғы жақта 100 фурам тұр. Маған депозитке ақша құй деп жатыр. Мен ақша құя алмаймын. Ақша құятын жағдайда емеспіз. Обратно жіберемін енді Өзбекстанға. Басқа амалым жоқ.

Бар мәселе кедендік құнға бақылаудың басталуы. Кеденшілер тексеріс барысында жеміс-жидектің өзіндік құны әлдеқайда арзандатылғанын байқап, күдік тудырғанын айтады. Яғни бір ғана жүзім 4 есе төмен бағада көрсетілген. Сәйкесінше мемлекеттік салық та арзандайды. Қауіптің алдын алу үшін тиісті тексеру жүргізуге құқылымыз деді мамандар. 

Серік Мәліков, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті тарифтерді реттеу басқармасының басшысы:

- Кедендік бақылау жүргізу барысында сыртқы экономикалық қатысушының құжаттары сұратылады. Сол бойынша тексеріледі. Құжаттар жеткізілген жағдайда оның ұсынылған мәліметтерінің дұрыстығын қарайды. Егер сыртқы экономикалық қатысушымен документтер ұсынылмаған жағдайда депозитке ақшасын қойып өзінің мәлімдеген құнын дәлелдеуге құқығы бар.

Енді тауардың сатып алынғаны мен оның қайдан келгені туралы барлық құжат сараптаудан өтеді. Сәйкесінше құрамы да қаралады. Ол үшін кәсіпкерлер кедендік депозит жүйесіне қаржы құйып, оны ақтап алуы үшін тағы да уақыт керек.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов, Нұрмахан Бекмұратов