Елімізде орақ науқаны уақытылы басталды

Қазір ел бойынша дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың шамамен 75 проценті жиналған. Орташа өнімділік гектарынан 8,7 центнерден айналып жатыр. 10,3 млн тонна өнім қамбаға құйылды. Бұл жөнінде Премьер-министрдің Ақмола облысына жасаған жұмыс сапары кезінде айтылды.

Ақмола. Астыққа бай аймақ. Сайын далада сары кілемдей төселіп жатқан мына астыққа бірер күн бұрын орақ түсті. Берекелі өңірдің 5 млн гектар жеріне биыл егін себілген. Қазір соның 78 процентінен өнім жиналды. Ауа райы қолайлы болса, диқандар науқанды қыркүйектің соңына дейін аяқтаймыз деп отыр. 

Уалихан Әріпов, серіктестік директоры:

- Биыл бидайдың шығымы гектарынан 10 центнерден асты. Мемлекеттен қолдау жақсы. Жыл сайын тұқымға субсидия және арзан бағамен жанармай аламыз. Техникамызды жаңарттық. Осының арқасында бүгінгі таңда өзіміздің серіктестікте күзгі науқанды аяқтадық.

Үкімет басшысы жұмыс сапары аясында Жақсы ауданындағы жергілікті ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының материалдық-техникалық базасымен де танысты. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің өндірістік алаңына барды. Серіктестік құрамында элеватор, диірмен, агрохимиялық зертхана, наубайхана сынды 15 кәсіпорын бар. 2 мыңдай адам жұмыс істейді. Элеваторларында 500 мың тоннаға дейін өнім сақталып, диірмені жылына 350 мың тонна ұн өндіреді. 

Батыржан Уәлиев, серіктестіктің бас директоры:

- Агронарықта 20 жылдан артық жұмыс істеп келеміз. Бастысы, өзімізде өсірілген өнімнің бәрін өзіміз өңдейміз. Соңғы 2-3 жылда 20 миллион еуро инвестиция салып, өңдеу қуатын арттырдық. Кәсіпорында заманауи технологиялар тұр. Қазір инвестиция тартып, жұмысшыларды ынталандыру бағытында жаңа әлеуметтік бағдарламалар әзірлеп жатырмыз.

Жалпы өңірде агросалада өсім бар. Биылғы қаңтар-шілде айларында облыстың ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі былтырғы кезеңмен салыстырғанда шамамен 12%-ке өскен. Осының бәрін тыңдай келе Асқар Мамин «Ауыл – Ел бесігі» жобасының жүзеге асуымен танысты. Сапар барысында Үкімет басшысы Жақсы ауылындағы көп  пәтерлі тұрғын үйді, спорт мектебін және сауда орталығын аралады. 

Қорған Қонысбайұлы