Атыраудағы полипропилен зауыты шикізатпен қамтамасыз етіледі

«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы Акционерлік Қоғамы мен Теңізшевройл Қарабатандағы полипропилен өндіретін зауытқа кен орнынан пропан жеткізу туралы келісім-шартқа отырды. Маңызды құжатқа қол қою рәсіміне «ҚазМұнайГаз» Ұлттық Компаниясы Акционерлік Қоғамының Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев және Chevron корпорациясының Еуразиялық бизнес бөлімшесінің басқарушы директоры Джон Балтц қатысты. Еліміздегі ең ірі жобалардың бірі болып саналатын зауттың құрылысы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес басталған болатын.

Бүгін қол қойылған құжатқа сәйкес, «Теңізшевройл» ЖШС полипропилен өндіретін зауытқа шикізат жеткізіп тұрады. Биылдың өзінде салынып жатқан газ-химиялық кешен шикізаттың алғашқы партиясын қабылдап алмақ. Қазір зауыт 90%-ке дайын. Оның құрылысын жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланып отыр. 

Дамир Әшімов, «KPI Inc» ЖШС Басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

- Бұл еліміздің мұнай өнеркәсібі мен мұнай-химия саласын дамытудағы маңызды жоба. «ҚазМұнайГаз» компаниясы өндірілетін газ өнімдерін қайта өңдеуден өткізу арқылы шикізатқа тәуелділікті азайту жолындағы ауқымды міндеттерді алға қойып отыр. Соның дәлелі ретінде бүгін Теңіз кен орнынан шикізат жеткізу үшін келісімшартқа қол қойылды.

Жыл сайын 550 мың тонна пропан теміржол арқылы тасымалданады. Зауытта шикізат арнайы қондырғыда пропилен шығара отырып өңделеді. Одан кейін полимерлеу қондырғысында дайын өнім шығарылатын болады.

Алексис Джамб, «Теңізшевройл» ЖШС маркетинг бөлімінің менеджері:

- ТШО мен Қазақстан Республикасы шикізат өніміне қатысты келісім-шартқа қол қойғаннан бері, яғни 2008 жылдан бастап, осы мақсаттарға жетуге көптеген уақыт кетті. Осы бағытта алға ілгерілеу үшін басқа да бірнеше келісім-шарт жасау қажет болды. Сондықтан ТШО Қазақстанда мұнай-химия саласын дамытуды қуана отырып қолдайды, өйткені бұл ел әлеуетін жүзеге асыру үшін келесі маңызды қадам болмақ.

Полипропилен өндіретін зауыт Қазақстандағы толығымен цифрланған алғашқы кәсіпорын болады. Зауыттағы барлық процестер қашықтан басқарылады. Барлық жұмысты роботтар атқарады, ал процесті «ақылды» цифрлық бейнебақылау арқылы операторлар басқарады. Сондай-ақ кәсіпорында су үнемдеу жолға қойылмақ. Зауытта суды салқындатудың тұйық циклы қолданылмақ.

Асланбек Шығыр, Жандос Рахметуллин