Әлемдегі ең ірі «Богатырь» кеніші көмір қазу технологиясын өзгертті

Заманауи әдіс электр станцияларына тасымалданатын отын көлемін бір жылда 40 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар энергетикалық ресурстардың сапасы жақсарып, өнімнің өзіндік құны төмендейді. Болашақта құрамында «Богатырь» кеніші мен Екібастұз Мемлекеттік аймақтық электр станциясы енген «Самұрық Энерго» электрэнергетикалық холдингі жылдық қуаттылығын бірден 1136 мегеватқа ұлғайтады. Осылайша компания еліміздегі электр энергиясы тапшылығының алдын алуды көздеп отыр.

Болат Нұржанов атындағы Екібастұз 1 электр станциясы инвестициялық науқанды аяқтай келді. Энергетиктер соңғы энергоблокты жаңғырту үстінде. Нысан қалпына келтірілген соң станция жобалық көлемдегі 4000 мегаватты өндірмек.

Еділ Көпенов, Б. Нұржанов атындағы «Екібастұз МАЭС-1» ЖШС Бас директоры:

- Блок 1 іске қосылған кезде біздің елімізге 500 мегаватқа электр энергиясы қосылатын болады. Бұл бүкіл Қазақстанға «КЕГОК» компаниясы арқылы таратылатын электр энергиясы. 

«Самұрық Энерго» бұл жобаға 39 млрд теңгенің инвестициясын құймақ. Компания 2025 жылға қарай қуаттылығы 636 мегават болатын екінші электр станциясын салмақ. 

Дәурен Сағидолла, «Екібастұз МАЭС-1» АҚ Басқарма төрағасы:

- Станция жобалық-сметалық құжаттамаға өзгертулер енгізеді. Мемлекеттік сараптаманың оң нәтижесі жыл соңына дейін шығады деп күтілуде.

Қазақстанда энергия тұтыну көлемі жеті процентке өскен. Сондықтан, алдағы уақытта тапшылық болады деген болжам бар. 

Серік Түйтебаев, «Самұрық-Энерго» АҚ Өндіріс және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры:

- Сол үшін блок бірді 2023 жылға, бір жыл бұрын бітіреміз деп уәде алып отырмыз. Сонді керекті энергияны Қазақстанға өндіреміз деп.

Жаңа энергия көздеріне отынның мол көлемі қажет. «Богатырь» кеніші көмір қазу өндірісінің толассыз ағымдық түріне ауысқан. Нәтижесінде алынатын көмір 8 млн тоннаға көбейеді. 

Сергей Угаркин, «Богатырь Көмір» ЖШС ЦАТ жобасының бас менеджері:

- Біз цифрландыру элементтері мен мәліметтердің үлкен көлемін өңдейтін заманауи технологияларға ауысып жатырмыз. Мәліметтер автоматты түрде өңделеді.

Алматы жылу электр станциялары қуаттылығын өсіріп, газға ауысады. Жобалар мегаполистің экологиялық жағдайын жақсартады.

Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов