Ақмола облысының шаруалары субсидияға қол жеткізе алмай жүр

Ақмола облысында шаруалар субсидия ала алмай жүр. Олардың айтуынша, жауапты министрлік талапты күшейтіп жіберген. Салдарынан ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құрған еңбекшілер тиісті көмектен қағылған.

Ашынған ауылдықтардың айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидия алу талабын жылдан жылға күшейтіп келеді. Бұрын жерің болу керек десе, енді мал ұстайтын үлкен база қажет деген міндет қойған. Бұл мәселе бұлай жалғаса берсе ата кәсіпті тоқтатуға мәжбүрміз, дейді шаруалар.

Табылды Тезекбаев, ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы:

- Қолдан келмейтін қағаздарды бізден талап етеді. Қолдан келмейтін бір құжаттарды бізден талап етеді. Малдың саны жылдан жылға азайып жатыр. Мал ұстаушылардың беті қайтып қалды. Ауыл шаруашылығы кооперативін ашқан болатынмын. Бірақ бір субсидия алған емеспін. Екі кредит жабылды. Шығын болғаннан кейін кіріс болмай тұр.

Мемлекеттік көмекті алуға тағы бір қолбайлау болып отырған нәрсе – ол жайылымдар айналымының жоспарын ұсыну. Оны жоспарламақ түгілі мал өрістететін жер таппай жүргенде бұл қисыны келмейтін талап. 

Жанболат Нұрабаев, ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы:

- Жайылым жерлер бөлініп-бөлініп, әрбір малға бөлек тағайындалуы тиіс. Жылқы бір бөлек бағылуы тиісті, қара мал бір бөлек бағылуы тиісті, қой бір бөлек бағылуы тиісті. Клетка тәрізді менің түсінігімде. Соны ғылыми түрде кезегі келгенде ол жерлер ауыстырылады. Жайылымның проблемасы шешілмей жатқанда осындай бізге кедергілер тудырып отыр. 

Серік Әжібаев, ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы:

- 20 бұқа алғам. Сол 20 бұқаны 8 млн ақшаға сатып алдым. Ауылдарға табындарға жіберу үшін осы программа бойынша. Содан 5 млн теңге субсидия алу керекпін да.  Сол енді былтырдан бері шығынға батып отырмын.

Одан бөлек малдың төлдері, олардың салмағы мен басқа да мәліметтерді арнайы порталға жүктеп отыру қажет. Тіпті субсидияға құжат тапсыру үшін де ақпараттық технологиялардан хабарың болу керек. Фермерлер, мұның бәрі ғаламтор желісі жоқ ауылдар үшін қиынға соғатынын айтады. Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бұлар министрлік бекіткен талаптар. Сондықтан оларды өзгерте алмаймыз дейді. Дегенмен, мал қораның есептік номері болу керек деген міндет, шаруалардың талап-тілегі бойынша кеше ғана алынып тасталыпты. 

Қайрат Көшенов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім жетекшісі:

- Селекциялық жұмысты жүргізу бойынша, сосын асыл тұқымды малды сатып алу бойынша, асыл тұқымды бұқаларды табында пайдалану және бордақылау алаңдарына бұқашықтарды тапсыру. Жаңағы атап өткен бағыттар бойынша есептік номер қажет емес. Сондықтан бүгінгі таңда бұл мәселе шешілді деуге болады.

Бірақ бұл кедергі жойылғанымен енді субсидия жетіспеушілігі туындауы мүмкін. Себебі өңірде мемлекеттік қолдауға деген қажеттілік 13 млрд теңгеге жуықтайды. Ал үкіметтен биыл ақмолалық шаруаларға деп тек 4 жарым млрд теңгеден астам ғана қаражат бөлінген. Жауаптылар болса сұранысты барынша қанағаттандыру үшін ел қазынасынан тағы 5,7 млрд теңге қаржы сұратып жатқандарын айтады.

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко, Анатолий Полянный