«Бастау Бизнес»: 185 мыңға жуық қазақстандық кәсіпкерлік негіздерін оқыды

«Бастау Бизнес» жобасын өз тиімділігін дәлелдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жоба кәсіпкерлік негіздеріне үйрету арқылы ғана емес, сондай-ақ «Еңбек» бағдарламасы аясында жеңілдетілген микронесие немесе грант ұсынуымен танымал болды. 2021 жылдан бастап «Атамекен» ауыл азаматтарын кәсіпкерлік негіздеріне оқытып қана қоймай, бизнес-жобаларды қаржыландырып, бағыт-бағдар береді. Ол үшін ел бойынша 15 микроқаржы ұйымы құрылған. Жеңілдікпен несие беру үшін мемлекет 22,5 млрд теңге бөлді.

Айта кетерлігі, «Бастау Бизнес» жобасы арқылы осы уақыт ішінде 185 мыңға жуық қазақстандық кәсіпкерлік негіздерін оқыды. Жобаға қатысты жиын басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз бейнеүндеуінде бизнес бастамаларына қолдау бағдарламасына осындай баға берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Баршаңызға мәлім, шағын және орта бизнесті жан-жақты қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып саналады. Сол үшін біз тиісті заңнаманы жетілдіріп, салық ауыртпалығын азайттық, әкімшілік рәсімдерді қысқартып, кредиттік ресурстарға қолжетімділікті арттырдық. Соның арқасында елімізде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жыл санап артып, экономиканың осы секторында еңбек ететін азаматтар көбейді. Қазіргі таңда шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейтін адамдардың саны 4 миллионға, ал оның жалпы ішкі өнімдегі үлесін 35%-ке жеткізу үшін біраз шаруа атқарылып жатыр. Бұл міндет «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты бағдарламасында нақты көрініс тапты.