Қазақстанның машина жасау өнімдерінің экспорты 33,6%-ке өсті

Биылғы 7 айда Қазақстан 741,8 млн АҚШ доллары сомасына машина жасау өнімін экспорттады, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33,6%-ке артық.

Бұл туралы ҚР сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова бүгін Қазақстан машина жасаушыларының форумы барысында мәлімдеді. Ол қазақстандық өндірістің машина жасау өнімдерін өткізудің негізгі нарықтары біздің жақын серіктестеріміз, ТМД елдері, сондай-ақ бірқатар ЕО елдері, АҚШ және Ұлыбритания болып табылатынын атап өтті. ҚР СИМ баспасөз қызметінің мәліметінше, 2021 жылғы импорттаушылардың алғашқы бестігіне Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Бельгия және Түрікменстан кірді.

Вице-министр болашақ жоспарлар туралы айтып, өндірістің ілгерлеуінің арқасында біз 2025 жылы машина жасау өнімдері экспортының көлемін 2,9 млрд АҚШ долларына дейін өсіре алатынымызды болжады.

Бұл ретте, мойынтіректер машина жасау саласының барынша экспортқа бағдарланған тауарлары болып табылады, олардың шамамен 93%-і экспортқа кетеді.

«Бұдан басқа, біз сыртқы нарықтарға 72%-і экспортталатын отандық электр аккумуляторларына, сондай-ақ өндірілген өнімнің жартысы экспортталатын трансформаторларға жақсы сұранысты көріп отырмыз.

Егер Ресей нарығы туралы айтатын болсақ, вагон-цистернаның барлық импортының шамамен 96%-і – қазақстандық өнім. Ресейлік мойынтіректер импортының шамамен 45%-ін отандық тауарлар алады.

Сонымен қатар, қазақстандық конденсаторлар Өзбекстан нарығына әкелінетін ұқсас тауарлар импортының жартысынан астамын құрайды. Өзбекстанмен қазірдің өзінде отандық автомобиль жасауды дамыту саласында жақсы қарым-қатынастар орналған», – деп СИМ өкілі қазақстандық өндірушілердің халықаралық саудадағы әлеуеті туралы айтты.