Елімізде дизельге сұраныс артты

Елде дизельді отынға сұраныс артты. Отандық өндірушілер өткен тамыз айында 519 мың тоннасын әзірлеп, ішкі нарыққа ұсынған.

Бұл ел тарихындағы ең ауқымды көрсеткіш. Қыркүйек айында да сатылым жоғары деңгейде болды. Бір айдан кейін мұнай өнімдерін шығаратын зауыттың бірі жөндеу жұмыстарына байланысты жабылады. Сәйкесінше нарықта тапшылық туындауы мүмкін. Бұл мәселені жауапты ведомство көршілес мемлекет Ресей арқылы шешпек.

«Дегенмен, күзгі жиын-терім жұмыстарына қажетті қор жинақталған», - дейді министрлік өкілдері.

Бауыржан Сәлімгереев, ҚР Энергетика министрлігі департаментінің директоры:

- Елде дизельді отынға деген тапшылық туындамас үшін мұнай өнімдерін шығаратын зауыттың жөндеу жұмыстары кейінге шегерілген болатын. Жоспар бойынша 24 шілдеде басталуы тиіс еді. Бұл істі қазан айына жылжыттық. Онсыз мүмкін емес. Зауыттың келешегі үшін жөндеу жұмыстарын бастауымыз керек.

Жыл соңына дейін елде 4 млн 900 мың тонна дизельді отын шығарылады. Бұл да рекордтық көрсеткіш. Алайда сұраныстың артуына өнімнің бағасы әсер етуі мүмкін. Әзірге сырт елдермен салыстырғанда біздегі дизельді отын арзан. Сондықтан бағаны шетелдіктер үшін қымбаттату жоспарланып отыр.