Қостанай облысы ауылшаруашылық өнімдерінің экспорты бойынша көш бастады

Қостанай облысы ауылшаруашылық өнімдерінің экспорты бойынша елімізде көш бастап тұр. Былтыр шет елдерге 300 миллион АҚШ долларына бағаланған азық-түлік тауарлары сатылған. Бұл мемлекет тарапынан жасалып жатқан көмек-қолдаудың жемісі. Алайда агроөнеркәсіп кешенінде шешімін күткен мәселелер аз емес.

Атап айтсақ, кәсіби мамандар тапшылығы, техниканың тозуы сияқты қиындықтар әлі күнге дейін өзекті болып отыр.

Ұтымды экономикалық реформалар мен жүйелі жобаларды жүзеге асырудың арқасында тәуелсіздік жылдары агроөнеркәсіп кешені біршама алға басты. Нақты дерек келтірсек, Қостанай облысында осы аралықта ауыл шараушылығының өнімділігі 2,5 есеге өскен.

Нұрсұлтан Қабделов, Қостанай облыстық ауылшаруашылық басқармасының бөлім басшысы:

- 1991 жылы жалпы ауылшаруашылық өнімінің көлемі 9 миллион тенгені құрайтын болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 592 млрд тенгеге дейін жеткен болатын. Сонымен қатар 1991 жылы жалпы өнім 1,8 миллион тонна алатын болсақ, 2020 жылы бұл көрсеткіш 4,3 миллион тоннаға дейін жеткен.

Мынау қостанайлық шаруа Нұркелген Өтеулиннің егін алқабы. Кемі гектарынан 15-20 центнерден өнім аламын деп отыр. Белуардан келетін жайқалған бидайды көріп, биыл қуаңшылық болды дегенге сену қиын. Жер құнарлылығы да жоғары деуге келмейді. Бонитет сол жиырманың маңайында. Соған қарамастан агротехникалық шараларды сақтап, ғылым мен өндірісті ұштастыра білдудің арқасында осындай жоғары өнімділікке қол жеткізіп отыр.

Нұркелген Өтеулин, шаруа:

- Бұл алқапта дәстүрлі егіншілікпен қатар нольдік технология қолданылды. Яғни егіс алдындағы өңдеу, топырақ құрамына байланысты тиісті нормада микро-, макротыңайтқыштарды, минералдық тыңайтқыштарды пайдалану. Бұл бізге бұрнағы жылдары арман болатын. Қазір міне мемлекеттік қолдаудың арқасында осындай мүмкіндіктерге қол жеткізіп отырмыз.

Дегенмен, биылғы жаздың аптап ыстығы қостанайлық диқандарға ауыр соқты. Астық түсімі жылдағыдан біршама төмен. Оның сыртында шаруа қожалықтарын кәсіби мамандардың тапшылығы тағы қинап отыр.

Мереке Исмағұлов, шаруа:

- Кадр деген нәрсе өте қиын. Неге десең, олардың ойы бойынша қалаға барып, 100 мың теңгеге охранник болады, чем бізге келіп 200 мың тенгеге жұмыс істегенше. Ауылда онда пеш отынмен жағамыз. Қалада барлық жағдай бар. Оны қазір істеуге бізге газификация деген нәрсе керек. Соның бәрін жасау тек мемлекеттің ғана қолында.

Ал техника жаңарту ісіне келсек, бұл жағынан өсім бар. Мысалы, 2019 жылы 1311 жаңа трактор, комбайндар алынса, былтыр олардың қатарын 1614 техника толықтырған. Алайда мұның бәрі мардымсыз екендігін мамандар да мойындап отыр. Себебі жыл сайын қолдағы техниканың кем дегенде 6 процентін жаңартып отыру қажет. Қазіргі көрсеткіш одан екі есе кем.

Нұрсұлтан Қабделов, Қостанай облыстық ауылшаруашылық басқармасының бөлім басшысы:

- Негізгі мәселелердің бірі ол ауышаруашылық техникасының ескіруі болған. Бүгінгі күнге жылдан жылға 3 пайыздан кем емес ауылшаруашылық техникасын жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның негізгі ықпалы болып, яғни мемлекет тарапынан сатып алынған техниканың 25 пайызын өтеу, проценттік ставкаларын субсидиялау бағдарламасын арқасында мүмкіндік болып отыр.

Алдағы төрт жылда өңірлік агроөнеркәсіп кешенінің еңбек өнімділігін 2,5 есеге көтеру көзделіп отыр. Бұл салада биылдың өзінде 12 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Соның арқасында шамамен алты жүздей жаңа жұмыс орыны ашылады. 

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг