Павлодар облысындағы тауарлы-сүт фермасының ашылуы желтоқсан айына жоспарланды

Павлодар облысында сүт тапшылығын жоюға қадам жасалып жатыр. Жуырда жаңа тауарлы-сүт фермасы қолданысқа беріледі. Ол өңірдегі ең озық үлгілі әрі инновациялық жоба болмақ. Ақтоғай ауданында құрылысы екі жыл бұрын басталған жобаның құны 6,3 миллиард теңгеге түскен. Оның бір миллиард теңгесін шаруашылықтың жеке қаражаты құрайды.

Тауарлы-сүт фермасының ашылуы желтоқсан айының басына жоспарланған. Онда тәулігіне 22 мың литрге дейін сүт сауылмақ. Жылына 6,5 мың тонна өнім тұтынушыға жол тартады.

Александр Терентьев, инвестор:

- Жем-азық қорын дайындап алмай мал шаруашылығын өркендетемін деу бос әурешілік. Сондықтан мал азығы бірінші кезекте тұруы тиіс. Біз Ертіс өзенінің жағасында тұрамыз. Суармалы егіс алқаптарын енгізуге мүмкіндігіміз мол. Қазір қолымызда 3 мың 300 гектар суармалы алқап бар. Оның 900 гектарына мал азығына қажет дәнді дақылдар саламыз. Бұл өте маңызды сала.

Фермерлер болашақ сүт фермасының қамына кірісіп кетті. Қазір малдың жем-шөбін дайындау ісі қарқынды жүріп жатыр. 

Мәулен Атаханов, тауарлы-сүт фермасының директоры:

- Биыл 15 мың тонна мал азығын дайындаймыз. Бұл екі жылға жететін жем-шөп қоры.

Шаруашылықтың құнарлы мал азығын дайындаумен айналысқанына үш жылдан асты. Жүгерінің элиталық сұрыптарын өсіреді. Бұл сүттің сапасын жақсартуда таптырмайтын азық түрі.

Мәулен Атаханов, тауарлы-сүт фермасының директоры:

- Кептірілмеген дақылдың құнары сол күйінде сақталады. Мал өзіне қажет қуатты азықтан алады. Біз жүгеріні 36-38 процент ылғалдылықта ұраларға салып бастырамыз.

Жоба мың бас сауын сиырға арналған. Асыл тұқымды мал басын Еуропадан сатып алу көзделіп отыр. Мал шаруашылығының ең озық технологиялары қолданылады. Малдың жемін беруден бастап қиын жоюға дейінгі  кезеңдер автоматтандырылған жүйемен басқарылады. Сауылған сүтті тереңдетіп өңдеу жобасы құрылып жатыр. 

Александр Терентьев, инвестор:

- Бұл инновациялық жоба, инновациялық технология болады. Қазір бізде таңдау тұр. Ол Нидерланд немесе Германия жабдықтары. Демек, өз технологиясымен шетелдік инвестор қосылатын болады. Өндірілетін өнімдердің бірі сары май.

Өңірде сүт өнімдерін шығаратын төрт зауыт, бірнеше шаруа қожалығы бар. Олардың бәрі шикізат тапшылығын көріп отыр. Сары май өндірісіне көп мөлшерде сүт қажет. Сондықтан сүт өңдейтін кәсіпорындар үшін бұл шығыны көп сала. Инвесторлар жаңа ферма нарықтан өз орнын табатынына сенімді. Ақтоғайдан шығатын сүт өнімдері келешекте шет елдерге экспортталуы мүмкін.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков