425,63 492.05 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қостанай облысында биыл егін түсімі әдеттегіден екі есе аз болды

  • 114
  • UPD: 20:54, 27.09.2021

Арқалық өңірінің диқандары да күзгі жиын-терімді шығынмен аяқтады. Астық түсімі былтырға қарағанда екі есе аз. Қамбаға құйылған бидайдың жартысына жуығының сапасы нашар. Енді кейбір шаруашылықтар шығынды майлы дақылдар есебінен жабуға ниеттеніп отыр. Себебі оның құны жылдағыдан анағұрлым қымбат. 

Биыл осы шаруашылықта бидайдың түсімі гектарына 3 центнерден шықты. Осы көк шығынды мақсарының есебінен азайтуға мүмкіндік бар. Майлы дақылдың бір тоннасы 170 мың теңгеге бағаланып отыр.

Мақсары 7 мың гектар алқаптан орылып жатыр. Өнімділігі егілген технологияға байланысты. Кей жерде гектарына 3-4, тіпті 7-8 центнерге дейін жетеді. Сафлордың өзгелерден ерекшелігі – құрғақшылықта сабағын сындырмастан өсе береді. Сол себепті көктемде осы майлы дақыл түріне басымдық бергендер биыл ұтылмасы анық.

Жанболат Әлішеров, шаруа:

- Жоспар бойынша келесі жылы 10 мың га мақсары егеміз. Бұны көбейтіп отырған себебіміз бұл ауыспалы егіске жақсы. Бұдан басқа мақсарының тамырынан жер астына азот өңделеді.

Шаруашылық орақ науқанына 290 млн теңге жұмсаған. Бес мың гектардай алқаптан қамбаға құйылған астықтың көлемі мың тоннадан әзер асады. Бұл былтырғы көрсеткіштен шамамен екі есе төмен.

Жанболат Әлішеров, шаруа:

- Егілген алқаптан бізде 380 га жер шабуға келмей қалды. Өйткені мамырдың 7-сінде жауған жаңбыр тамыздың 4-іне дейін жаумады. Бір тамшы да болмады. Сол 400 га егістіктің 380 га мүлдем оянбай қалды. Сол күйі жатып қалды. Арпамыз 250 га жер жарамай қалды. Комбайнның жаткасына ілінбей қалды.

Арқалықтық диқандардың қамбасы биыл күздік бидайға да толған жоқ. Соған қарамастан биыл тұқым бойынша озық технологияларды пайдаланып, егіс көлемін ұлғайту жоспарланған.

Ақпейіл Айбын, агроном:

- Бұл жерде дәрілеуді қолдандық. Ол тамыршірік ауруларына және тозаңды-тозаңсыз қарашірік ауруларының алдын алуға көмектеседі. Тағы бір қасиеті аязға және қатты құрғақшылыққа жас өсімдіктердің қайтадан өсіп шығуын жақсартады.

Қазір Арқалық бойынша 200-ден астам шаруа қожалығы есепте тұр. Солардың бар жоғы төрт-бесеуі күзгі жиын-терімді ойдағыдай аяқтапты. Жергілікті аграрийлердің жинаған бидайы 113 мың тонна. Гектардың орташа шығымы төрт центнерден айналған.

Руслан Құлетов, Арқалық қаласы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Нашар алған шаруа қожалықтары бар. Олардың өз жағдайлары төмен. 100-200 га жерге себетіндер. Одан қалды маусым айында қатты жаңбыр болып, одан бұршаққа айналып сондай зардап шеккен шаруа қожалықтары бар. Жалпы егіс алқабымыздан 20 проценті жақсы көрсеткіш берді. 65 проценті орташа. Қалғаны өте нашар көрсеткіш беріп отыр.

Жалпы облыста биыл 3 млн тонна шамасында астық орылды. Алқаптардың едәуірі аптап ыстықта күйіп кетсе де, өнім сапасы жоғары. Жиналған бидайдың барлығы үшінші сұрыпқа жатады.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы