Елімізден Ресейге экспорт көлемі 51%-ке өсті

Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы билығы жылдың алғашқы жартысында 33%-ке артты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның көлемі 11,7 миллиард долларға жетті. Елімізден Ресейге экспорт көлемі 51%-ке өсіп, 3,44 миллиард долларға жеткен. Мұндай мәліметтер Мәскеуде Қазақстан экспортшыларының сауда-экономикалық миссиясының ашылуы кезінде жарияланды. Шараның басты мақсаты – екі ел кәсіпкерлері арасындағы байланысты дамыту. Қазақстандық делегеация құрамына 20 компания кірді. Олардың арасында тамақ, химия, тоқыма және машина жасау салаларының өкілдері бар. Миссия шеңберінде түрлі келіссөздер жүргізілді. Ресей Қазақстанның ірі сауда серіктесі. Оның сыртқы саудадағы үлесі 10%-ті құрайды.

Әсел Егембердиева, «qaztrade» бас директорының орынбасары:

- Егер өткен жылмен салыстыратын болсақ, пандемияның екіжақты сауда қатынасына кері әсер еткені анық. Екі ел арасындағы сауда айналымы төмендеді. Былтыр Қазақстанның Ресеймен сауда айналымының көлемі 18 миллиард доллар болды. Бірақ биыл қатынас қайта күш алып, біздің экспортымыз 40%-ке артты.