Екібастұздан көмір өндіру әдісі дамығанымен кенішке қарасты ауылдар мүлде артта қалған

Ең ірі көмір бассейнімен әлемге танылған Екібастұз қаласы электр энергиясынан бөлек тау-кен өндірісі, теміржол кластері дамыған ірі индустриялық орталыққа айналды. Шағын қаланың өндірістік әлеуеті жоғары. Электр станцияларында энергоблоктар жаңғыртылып жатыр. Көмір кеніштері кен қазудың жаңа инновациялық технологиясына көшті.

Алайда қала мен оның құрамына кіретін ауылдарда қордаланған мәселе көп. Инженерлік құрылымдар тозған. Ауылдарда әлі күнге дейін асфальт жоқ.

Бұрын кеншілер мен энергетиктер қаласы болып келген Екібастұз соңғы он жылда машина жасау саласына ден қойды. Жүк вагондарын шығаратын жаңа зауыттың іргесі қаланып, теміржол саласына қосалқы бөлшектер дайындайтын заманауи кәсіпорындар тобы пайда болды. Онда рельстер, бұрандалар, темір жол көліктеріне арналған дөңгелек жұптары жасалады. Роботты техникамен жабдықталған бес заманауи кәсіпорын бір жерге шоғырланған.

Сергей Павлингер, серіктестікті дамыту жөніндегі директоры:

- Біз өндірісті құру барысында қазақстандық, ресейлік ғана емес, бүкіл әлемде жинақталған тәжірибелерді қолдандық. Кәсіпорындарымыз сонысымен ерекшеленеді. Өндірістердің 80 проценті автоматтандырылған жүйеге негізделген. Кез келген құрылғылардың дәлдігі микронға дейін жетеді. Бұл әлемде баламасы жоқ теңдессіз зауыттар. 

Өндіріс орындарының артуы Екібастұзда кадр тапшылығын тудырды. Кәсіпорындарда жоғары білікті мамандар жетіспейді. Осыдан 10 жыл бұрын шағын қалада отын-энергетика саласына мамандар даярлайтын оқу орталығы салынған болатын. Бірақ жобаның ғұмыры ұзаққа бармады. Құрылысты жобалауда кеткен қателіктерден он бір оқу корпусы қайраң суға батып қалды. Бүгінгі таңда дренажды жүйе салынып ғимараттар судан құрғатылды. Жалпы Екібастұз қаласы бойынша жылу желілерінің 84 проценті ауыстыруды қажет етеді. Кәріз жүйелерінің 68 проценті тозған. Оларды жөндеуге қыруар қаржы керек. Жуырда Үкімет Екібастұзды дамытудың 4 жылдық кешенді жоспарын бекітті.

Ардақ Қаңтарбаев, Екібастұз қаласының әкімі:

- Жалпы кешенді жоспардың дайындалуы да, оны бүгінгі күнде Үкімет басшысының бекітуі де арнайы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей берілген 26 қаңтарда тапсырмасының арқасында істеліп отыр. Әрине осындай өңірімізге мемлекет басшысы назар аударып отырғанына біз қуаныштымыз.

Барлық сала бойынша кері кеткен қалада 2025 жылға дейін ең күрделі мәселелер оң шешімін табады деген сенім пайда болды. Мәселен, Екібастұздың сырт көшелерінде осы уақытқа дейін асфальт жол болмаған. Балалардың ойын алаңдары жетіспейді. Үй аулаларының құты қашып тұр.

Бауыртай Аманов, Екібастұз қаласы ТКШ бөлімінің бас маманы:

- Жыл сайын жолдарды асфальттау жұмыстары жүргізіледі. Жыл басынан бері жолдарды жаңартуға республикалық бюджеттен 12 жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге қаржы бөлінді. Ол жекеменшік сектордың жолдары. Бүгінгі күні төрт көше бойынша жөндеу жұмыстары аяқталды.

Ауқымды өзгерістер ауылдық аймақтарды айналып өтпесі анық. Жаңа жолдар, су құбырлары мен әлеуметтік нысандардан бөлек суармалы егіс алқаптарының көлемін арттыру жағы қарастырылу үстінде. Бұған мүмкіндік бар. Өйткені Сәтбаев атындағы су арнасының 200 шақырымы Екібастұз ауданын басып өтеді.

Ардақ Қаңтарбаев, Екібастұз қаласының әкімі:

- Бұл су арнасының бойында жоқ дегенде 40 - 50 мың суармалы жерлерін ашуға болады. Өздеріңіз білесіздер ауыл шаруашылығында суармалы жерлердің өнімі ең тиімді, ең өнімді болып табылады. 

Ал Екібастұздың өндірістік секторы бірқатар кәсіпорындармен толығады. Жоспарға сай жаңа ферроқорытпа зауытының құрылысы басталады. Екінші мемлекеттік аймақтық электр станциясына 636 мегаватт электр қуатын беретін энергоблок орнатылады. Сонымен қатар кремний өндірісінің жобасы дайындалып жатыр.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат