Павлодар мұнай-химия зауыты уақытша жұмысын тоқтатады

Павлодар мұнай-химия зауыты бір аптадан соң жоспарлы жөндеу жұмыстарына кіріседі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал оған дейін өндіріс тоқтамайды. Сала мамандарының айтуынша, кәсіпорын жөндеуге жаз айларында кірісуі керек болған. Алайда, ішкі нарықтағы тапшылықты алдын алу мақсатында шаралар күз айына шегеру туралы шешім қабылданды. Оған қоса, өндіріс ошағында соңғы үш жылда жөндеу жүргізілмеген. Үстіміздегі жылдың 3 қазаны мен 9 қарашасы аралығында қондырғылар тексеріліп, сынақтар өткізіледі. Мұнайды қайта өңдеудің негізгі құрылғылары жөнделеді. Мамандардың хабарлауынша, бұл жұмыстарды кейінге қалдыруға болмайды. Себебі, жөндеу шараларын жылы әрі жаңбырсыз ауа райында жүргізу керек. Қазіргі уақытта зауытта жанар-жағармай жеткілікті. Қорда 50 мың тоннадан астам бензин, бес мың тоннадан астам әуе отыны мен 34 мың тоннадан астам дизель бар. Зауыт күніне төрт мың тонна дизель отынын шығарады.

Саятай Әліпбаев, Павлодар мұнай-химия зауыты бас директорының орынбасары:

- Қазан айында біздің зауытымыз 121 мың тонна мұнай өңдейміз. Және де осы қазан айының ішінде 31 мың тонна дизель жанармайын береміз. Зауытымыз қазір жұмыс істеп тұр. Тәулігіне 15 200 тонна мұнай өңдеп жатырмыз.