Қазақстан Тәуелсіздіктің 30 жылында мұнай-газ саласында қандай жетістіктерге қол жеткізді?

Еліміз егемендікке қол жеткізген 30 жылда Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібі айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

1991 жылы бар болғаны 25 млн тоннадан астам мұнай өндірілсе, қазір өндіріс қуаты 3,5 есе өсті. Әсіресе, еліміздің батыс өңіріндегі «Теңіз», «Қарашығанақ», «Қашаған» жобаларында өндіріс қуаты жыл санап артып келеді. Бір ғана «Қашағанда» тәулігіне 400 млн баррель қара алтын өндіруге мүмкіндік туды. Сондай-ақ газ өнеркәсібінде де айтарлықтай ілгерілеу бар.

Егемендік алған жылдары ел экономикасы айтарлықтай күрделі кезеңді бастан өткерді. Бірақ қазақ мұнайының қуатты қайнары сарқылған емес. Тәуелсіздік алған жас мемлекеттің өсіп-өрендеуі мен байлығын ел игілігіне пайдалану жолында мұнайшылар аянбай еңбек етті.

Мақсым Ізбасов, мұнай саласының ардагері:

- 1992 жылы Ақінген кен орны, 1993 жылы Қисымбай кен орны, 1995 жылы Аққұдық кен орындары іске қосылса, кейінгі 1994-1995 жылдары Оңтүстік-Шығыс прорвадағы батыс алаңын игердік. Мұнай қоры 7 млн тонна болатын. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында мұнайшылардың, қазақ мұнайының ел экономикасына қосқан үлесі зор деп есептеймін. Себебі бірден бір сала өзінің экономикасының дамуын тежемеген, төмен түсірмеген. Қайта даму үстінде.

Еліміздің дамуына сүбелі үлес қосқан «Ғасыр жобасы», ол – «Теңіз» кеніші. Нарыққа сай мұнайды өндіру мен қатар өңдеу және өткізуді халықаралық талапқа сай жүргізу оңай іс емес еді. Жағдай жан-жақты сараланғаннан кейін 1993 жылдың сәуірінде қазақ-американ бірлескен кәсіпорыны құрылды. Осылайша, Теңіз мұнайын игерудің жаңа кезеңі басталған болатын.

Мәрия Қаражігітова, бірлескен мұнай компаниясының өкілі:

- Республиканың бюджетінің қомақты көлемін, 25%-тейі бір мекеме беріп тұр. Тек мұнай өндіру емес, жалпы экономикаға әсері бұл жобаның маңызы жоғары. Сол алғашқы жылдары оқыту қызметкерлерді, әлеуметтік салаға жасаған ықпалы, көптеген мектеп, аурухана, жол, көп жобалар атқарылды. Оның үстіне бизнес дамымаған кез ғой. Орта, кіші бизнесті дамытуға, сервистік қызметті дамытуға бұл жобаның үлесі көп деп ойлаймын.

Ел егемендік алғаннан кейін өндіріс жандана түсті. 2020 жылы Қазақстан 55 млрд текше метрден астам газ өндірді. Ол осыдан 30 жылғы көрсеткіштен 7 есеге артық. 2018 жылы мұнай құбырын кеңейту жобасы аяқталды. Осы арқылы «Теңіз», «Қарашығанақ» және «Қашаған» кен орындарынан мұнай экспорттау үшін тиімді экономикалық жағдай қалыптасты. Сондай-ақ мұнайлы өңірде жыл аяғына дейін интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылысы аяқталмақ. Жаңа зауыт жылына 500 мың тонна полипропилен өндіруге қауқарлы. Бұл да Тәуелсіздік алған 30 жылда жеткен айтулы жетістіктің бірі.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов