Әр отбасына жүз бас ірі қарадан. Қостанай облысында ерекше жоба қолға алынды

Әр отбасына жүз бас ірі қарадан. Қостанай облысында ерекше жоба қолға алынды. «1000 отбасылық ферма» деп аталатын бастаманы жергілікті агрокомпаниялардың бірі жүзеге асырмақ. Мұндағы мақсат мал басын көбейтіп, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеру. Әзірге бұл игі іске жеті отбасы іріктеліп алынған.

Жоба жарияланған бетте оған қатысуға бел буғандардың бірі Меңдіқара ауданындағы Молодежный ауылының тұрғыны Жанболат Жұманазаров. Мамандығы зоотехник. Малдың жайын жақсы білетін азаматтың өтінішін арнайы комиссия бірден қабыл алған. Сөйтіп, алдында жүз бас қазақтың ақ бас тұқымы сиырын салып береді.  

Жанболат Жұманазаров, жобаға қатысушы:

- 10-15 жыл істеп жатқан жігіттердің өздерінің жеке шаруашылықтары бар ондай дәрежеге әлі жетпеген. Мысалы, бізге бұл өте үлкен көмек. 100 басты, мысалы, 7 жылдың ішінде расчет бұзауымен төлін өндіріп бересің де сол өзіңізде қалады жүз бас.

Жобаға қатысушы жыл сайын агрохолдингке 40-45 бұзаудан малдың өтеуі ретінде беріп отырады. Қалған төлді нарықтағы бағамен сатып алады. Оның сыртында әр басқа 40 мың тенгеден берілетін мемлекеттік субсидия тағы бар. Жобаны жүзеге асырушылар тек мал беріп ғана қоймай, қора-қопсы, жайылым, жем-шөппен де қамтамасыз етеді.

Төкеш Кәрімов, жобаға қатысушы:

- Бұл бизнестің бір түрі ғой. Өткенде бір рет барып келдік, октябрь айында тағы екі-үш рет оқуға шақырады Қостанайға. Бізге бизнесті үйретеді. Оқуы бір тегін. Жем-шөпті, мынаның ішіндегі малшыларды бәрін осы шаруашылық беріп отыр.

Шаруашылық шығарған шығынын жобаға қатысушылардан сатып алған төлдің құнымен өндіріп алады. Молодежный ауылындағы отбасылық фермерлердің қазірдің өзінде 11 сиыры бұзаулапты. Бұл бастамасы ғана.

Ержан Бекешев Алешин ауылдық округінің әкімі:

- Біріншіден, бұл жаңа жұмыс орындары. Екіншіден, ауыл экономикасына серпін береді. Бұған дейін мемлекеттің «Еңбек» бағдарламасымен несие алып мал өсіріп кәсіп ашқандар болды. Енді осы жобаның арқасында олардың қатары толыға түсті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаға  қатысуға тілек білдіріп отырғандар көп.  Солардың ішінен тек малға жақын, іске мығым, жауапкершілігі жоғары отбасылар ғана іріктеліп алынады. 

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг