Шығыс қазақстандық шебер тұрмысқа қажетті заттарды 3D-принтерде басып шығарады

Баспадан шыққан бөлшектер. Шығыс қазақстандық Никита Припутько ЗD-принтерден тұрмысқа қажетті бөлшектерді басып шығарады. Тіпті өнеркәсіпке керек бұйымдарға дейін дайындайды. 

Никита Припутько 21 жаста. Негізінен аспаз мамандығын оқыған. Бірақ ас үйден гөрі  компьютердің қасында көбірек жүреді. Өзі өскен Шемонайха қаласында бірегей бағыттағы бизнеске ден қойды. ЗD технологияны өз бетімен оқып зерттеді. Бұған мектептегі білімі де көп әсер етті. Сөйтіп, қазір жобалаумен айналысады. Таныстары оған сынған бөлшектердің үлгісін әкеліп береді. Ал Никита оның сызбасын компьютерге салып, жоғары сапалы нейлоннан басып шығарады. Тіпті кейде жасаған заты түпнұсқадан да мықты болады.

Никита Припутько, ЗD-инженер:

- Мен кейбір бөлшектердің түпнұсқасын бұрынғыдан да ыңғайлы әрі тиімді етуге тырысамын. Өзімше кейбір әлсіз жерлерін  қалыңдатамын, кейбір жерін керісінше жіңішкертемін. Қолымнан шыққан заттар қолданыста ұзаққа шыдаса екен деймін.

Дәл осы ЗD жобалау Никитаға өзге бағытта жұмыс істеуге де сеп. Мәселен жиһаз жасағанда қажет болады. Құрал-саймандардың сынған бөлшектерін өзі-ақ жасап алып жүр.

- Я решил заниматься мебелью, потому что могу заниматься производством каких-то уникальных вещей.

Дегенмен, өнертапқыштың қызығушылығы бұнымен бітпейді. Замандастары оны әр қырынан таниды екен. 

Анастасия Степаненкова,  Шемонайха ауданы жастар ресурстық орталығының өкілі:

- Никита өте талантты әрі мақсатшыл. Сонымен қатар бір емес, бірнеше бағытта өзін сынап келеді. Семсерлесуге қатысып, туристік топпен де жұмыс істейді. Бүгінгі жастар үшін нағыз өнеге көрсетіп жүр.

Никитаның «ЗD студиясы» өзі тұрып жатқан пәтерінің бір бөлмесінде орналасқан. Болашақта үлкен мекеме ашып, жерлестері үшін сапалы да қолжетімді дүниелер шығарсам деп армандайды.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов