Газ өндірудің өзектілігі артты

Еуропада газ құны шарықтап, жаңа рекордтық көрсеткішке жетті. ICE Futures биржасында 1000 текше метріне бағасы 1900 АҚШ долларын құрап отыр. Қыркүйектің соңында кәрі құрлықтағы газ бағасы мың доллардан асқан. Араға бір апта салып, көгілдір отынның құны екі еселенді. Бүгін «Казэнерджи» форумының аясында ұйымдастырылған халықаралық телекөпірде осы мәселе тілге тиек етілді. Энергетикалық тепе-теңдіктегі газдың роліне арналған сессияға Қазақстан, Ресей мен Ұлыбританияның сала мамандары қатысты.

Еуропада газ құнының аспандап кеткені бұл отынға деген сұраныстың артуымен байланыстырылады. Яғни ауаны ластайтын көмірден бас тарту тренді көгілдір отынның қымбаттауына әкеп соқтырған. Қазақстанда, жалпы Еуразиялық экономикалық одақ аумағында газ бағасы шарықтай қойған жоқ. Дегенмен, газға деген ішкі сұраныс төрт жылда 25 млрд, ал 2030 жылы 30 млрд текше метрге дейін өседі. Сондықтан өндіріс пен газ өңдеу ісін барынша дамыту керек дейді мамандар.   

Мұрат Жүребеков, ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары:

- Қорымызда 4 трлн-ға жуық текше метр газ бар. Бірақ ол шикі газ, ілеспе газ. Оны өндіру үшін инвестиция тартуымыз керек. Инвестиция тарту үшін, ынталандыру үшін біз үкімет тарапынан преференциялық ұсыныстарды беруіміз керек компанияларға.

Газбен қамту жүйесін оңтайландыру мақсатында «ҚазТрансГаз» ұлттық операторы құзырлы ведомствоға бірқатар ұсыныс енгізбек. Алдымен магистральді құбырлардың өткізу қуатын арттыру қажет. Ол үшін 30-40 жылда жөндеу көрмеген құбырларды тездетіп жаңғырту керек. 

Абзал Қисметов, «Интергаз» АҚ Бас директорының орынбасары:

- Біздер диагностикалық жұмыс өткізіп, онда көптеген деффектерді көріп жатыр қазіргі жағдайда. Соған бөлінетін қаражатты қазір энергетика министрлігіне ұсынып жатырмыз. 

Абзал Қисметовтің айтуынша, қазір газ қоры мен геологиялық барлау қызметіне баса мән берген жөн. Бүгінде елдегі электроэнергия станцияларының 70 проценті көмір қолданады. Министрлік газға ауысудың жолдарын қарастырып жатыр.

Атап айтқанда, көміртегін көп бөлетін ірі өндірістерге қолданылатын шара мен нақты реттеу тетіктерін қарастыратын заң жобасы қолға алынған.

Бақыт Топтаева, Ержан Рахманберді

Сондай-ақ...