«Самұрық-Қазына» қорына кіретін компаниялар ауаны ластайтын заттар көлемін азайтуды көздеді

Алдағы 10 жылда «Самұрық-Қазына» қорына кіретін компаниялар ауаны ластайтын заттар көлемін 10 процентке азайтуды көздеп отыр. Бұл туралы бүгін мекеме басшылары Бүкіләлемдік энергетика апталығы аясында мәлімдеді. Қазірдің өзінде Қор бұл бағытта белсенді жұмыс атқарып жатыр. Түрлі шетелдік компаниямен бірлесіп, тиімді жобалар жүзеге асырылады.

Бүгінгі алқалы жиында энергетика саласын көміртексіздендіру тақырыбы қызу талқыланды. «Самұрық-Қазына» ұлттық компаниясы осы салада бірсыпыра істер тындырып келеді. Қазіргі таңда Қор көміртекті аз шығаруға бағытталған жобаларға басымдық беріп отыр.

Ернат Бердіғұлов, «Самұрық-Қазына» АҚ Стратегия және тұрақты даму жөніндегі тең-басқарушы директоры:

- «Самұрық-Қазына» қоры алдағы 10 жыл ішінде ауаны ластайтын газ көлемін 10 процентке азайтуды көздеп отыр. Ол үшін кешенді шаралар қолға алынбақ. Біз баламалы энергия көздерін дамыту, сутегі, көміртекті сезу мен сақтауға бағытталған жобаларды жүзеге асырамыз. Сондай-ақ осы процесті цифрландырып, қаржыландырудың жаңа түрлерін енгізу жоспарда бар. Ең бастысы, қоршаған орта мен экологияны ластамауға барымызды саламыз. 

Бүгінгі отырысқа «Қазмұнайгаз», «MASDAR», «Air Products», «Shell Kazakhstan B.V.», «Exxon Mobil Kazakhstan Inc» компаниялары мен Азия даму банкінің өкілдері қатысты. «Самұрық-Қазына» олармен бірге түрлі салада ынтымақтастық орнатып жатыр.

Нариман Маннапбеков, Азия даму банкінің Қазақстан Республикасындағы өкілдігінің директоры:

- Біздің банк зияткерлік энергетика тұжырымдасын әзірлеуге қаржылай қолдау көрсетті. Энергетика саласында Қормен бірлесіп атқаратын жобаларымыз өте көп. Жақында біз газды есепке алатын құралдарды орнатуға 100 миллион доллар бердік. Келешекте күн және жел энергетикасы бойынша жобаларды жүзеге асырамыз. 

«Самұрық-Қазына» қоры осы бағытта мемлекетаралық ынтымақтастықты дамытуға басымдық беріп отыр. Ол үшін түрлі трансұлттық компаниялар саладағы білікті сарапшылар және азаматтық қоғаммен тығыз байланыс орнату бағыты қолға алынбақ.

Дариға Ташенова, Жандос Битабаров