Алматыда VII Еуразиялық монополияға қарсы форум басталды

Бәсекелестікті дамыту саласындағы өзекті мәселелерді талқылау және тәжірбе алмасу үшін форумға 7 елдің ведомство басшылары мен халықаралық ұйым өкілдері келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин еліміздегі электр қуатымен жабдықтау нарығында бәсекелестікті дамытуға арналған жаңа заңнама жобасын таныстырды. Оның айтуынша, бұл салада баға тұрақсыздығынан ең алдымен шағын және орта бизнес шығынға батып жатыр. Мысалы, бизнес саласы электр қуатына жыл сайын 31 млрд теңге артық төлейді. Бюджет шығыны 20 млрд теңгені құрайды. Сондықтан бұл құжатта тарифтің өсуіне, бағаны бұрмалауға жол берілмейді.

«Елімізде электр қуатымен жабдықтайтын 150 компания болғанымен олар ірі акционерлік қоғамдармен бәсекелесе алмай жатыр. Сондықтан бұл жобаның негізгі мақсаты – бәріне теңдей жағдай жасау», – деді агенттік басшысы.

Серік Жұманғарин, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы:

– Әрбір азаматтың үйінде өзінің инфрақұрылым жүйесі болады. Қандай электроқуатпен жабдықтау ұйымы, қандай бағамен, сапамен өзіне жеткізе алатынын таңдап, екі сағат ішінде алмастыра алады. Жалпы айтқанда, біздің бәсекелестікті дамыту жобамыздың маңызы. Қазір пилоттық жағдайда Батыс Қазақстан және Қостанай облысында бастайын деп жатырмыз. Екі жылдың арасында осы екі өңірде енгізейін деп жатырмыз.