Атыраудағы мұнай өңдеу зауытын жөндеу кейінге шегеріледі

Қазақстан Ресейден 500 мың тонна дизель отынын сатып алуы мүмкін. Бұған қоса елімізде жанармай экспортына салынған тыйым сақталады және Атыраудағы мұнай өңдеу зауытын жөндеу кейінге шегеріледі.

Мұның барлығы дизельдің тапшылығын болдырмау және бағасын тұрақтандыру үшін жасалып жатыр.

Айта кетейік, қыркүйектің соңында осындай дағдарыс пайда болып, көлік жүргізушілері тығырыққа тірелген еді. Қазір жағдай бірқалыпты деді құзырлы министрлік өкілдері.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, бүгінгі таңда елімізде 215 мың тонна дизель отыны қоры бар. Жанар-жағармай бекеттерінде ол 208 теңге мен 330 теңге аралығында сатылып жатыр. Бағаның құбылуы маусымдық қажеттілікке байланысты деп түсіндірді жауаптылар. Оардың болжауынша, жыл соңына дейін баға төмендеуі тиіс.

Әсет Мағауов, ҚР Энергетика вице-министрі:

- Ішкі нарықты дизель отынымен қамтамасыз ету үшін бірқатар шара қабылданды. Мәселен, көлікпен мұнай өнімдерін әкетуге тыйым салынды. Сәуір айынан бастап дизель отынының экспорты тоқтатылды. Атыраудағы мұнай өңдеу зауытын жоспарлы жөндеу жұмыстары 2022 жылға ауыстырылды. Қазанның бірінші онкүндігінде қосымша 30 мың тонна дизель отыны алынды.