Атырауда сұйытылған газ қымбаттап кетті

Бұған дейін 60-65 теңгеге саудаланған автогаз қазір 85-90 теңгеден сатылып жатыр.

Көлік жүргізушілер мұнайдың үстінде отырып, мұндай күйге түскендеріне наразы. Бірақ бағаның өсуі тапшылықтан емес екен. Өйткені қорда 350 тонна сұйытылған газ бар. Ал газ құю бекеттеріндегі бағаны реттеу кәсіпкердің өз құзырында көрінеді.

Анар Ахметова, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының бас маманы:

- Бүгінгі ҚР энергетика министрлігінің ай сайынғы бөлінетін кеңес хаттамасына сәйкес, Атырау облысына 6,5 мың тоннаға жуық мұнай газы бөлініп келуде. Оның 70 проценті электронды сауда аумағы арқылы бөлінсе, 30 проценті әлеуметтік газ болып табылады. Яғни әлеуметтік газға министрлік тарапынан реттеу жүргізілсе, ал сұйытылған мұнай газын электронды сауда аумағынан бөлініп жатқан газға реттеу жүргізілмейді.