Көкшетау халқының салық бойынша берешегі 521 млн теңгеге жетті

Ақмола облысы тұрғындарының салық бойынша берешегі 521 млн теңгеге жетті.

Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, 18 мыңға жуық адам қарызын өтеуге асығар емес.

Ал қазынаға түсуі тиіс қаражаттың 97 проценті көлік иелеріне тиесілі. Сондықтан салықшылар жол полициясымен бірігіп, міндеттен жалтарып жүрген жүргізушілерді анықтау мақсатында рейдтер өткізіп жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, Салық кодексіндегі өзгерістерге байланысты 2020 жылғы көлік салығын төлеу мерзімі биылғы жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартылған. Бірақ соның өзінде созбалаңға салып жүргендер өте көп, дейді мамандар.

Ақмарал Мейірманова, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының бас маманы:

- Полицейлермен бірге өткізіліп жатқан шара барысында салығы көп көліктер айып тұрағына қойылады. Ал берешегіңіздің бар-жоғын «Е-салық Азамат» және екінші деңгейлі банктердің қосымшасынан, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтынан білуге болады. Уақытында төленбеген салыққа өсім қосылады. Осылайша сіздің қарызыңыз көбейе береді.