Зейнет жасындағы маман еңбек өтілін аяқтаған жағдайда зейнетақысын алатын болады

2028 жылдан бастап елімізде базалық зейнетақы басқаша есептелетін болады. Сондай-ақ зейнет жасына жеткен маман өзінің қалауы бойынша жұмысын жалғастыра алады. 

Бейнет түбі зейнет дейміз. Уақыты келгенде әркімнің өмір бойғы еңбегінің жемісін көру үшін әркімнің зейнетақы қорындағы жинағына иек артатыны мәлім. Сондықтан мемлекет қоғамның дамуына үлес қосатын азаматтарына тиімді жүйе құруға мүдделі. 2030 жылға дейінгі тұжырымдамаға сәйкес, зейнетақы жүйесін жетілдіру көзделген.  

Айгүл Сәкеева, ҚР ЕЖХӘҚМ базалық және әлеуметтік төлемдер басқармасының сарапшысы:

– Мысалға алатын болсақ, ең төменгі мөлшерді есептеу кезінде ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 проценттен 74 процентіне дейін өсуі. Сондай-ақ зейнетақы жүйесіне қатысудағы еңбек өтілін есептеген кезде оны 10 жылдан 5 жылға дейін төмендеуі. Қазіргі зейнетақы мөлшерін есептеудегі еңбек өтілін шектеу сынды ауқымды шаралар қарастырылып отыр.

Бұдан бөлек зейнет жасына жеткен маман өзінің қалауы бойынша жұмысын жалғастыра алады. Осылайша ай сайын жалақысын алатын азамат ресми түрде еңбек өтілін аяқтаған кезде ғана зейнетақысына қол жеткізеді. Зейнетке шыққанға дейін ай сайынғы аударылым жасала бермек. Демек, зейнетақы мөлшерін көтеруге әлі де мүмкіндігі бар деген сөз. Құзырлы ведомство маманы атап өткендей, бұдан былай зейнетақыны тағайындау кезінде оның мөлшеріне қатысты шектеу қойылмайды.

Айгүл Сәкеева, ҚР ЕЖХӘҚМ базалық және әлеуметтік төлемдер басқармасының сарапшысы:

– Шектеуді алып тастау секілді өзгерістерге келетін болсақ, ол біздің қазіргі зейнетақы жүйесіндегі есептеу әдістемесіне сәйкес ең төменгі күнкөріс деңгейінде сіз егер де 33 жыл жұмыс жасасаңыз, ең төменгі күнкөріс деңгейінде сіз зейнетақы алатын боласыз. Соны біз қазір осы өзгерістердің нәтижесінде алып тастауға қадам жасалып отыр.  

Яғни жоғары жалақы алатын білікті маман зейнетке шыққан кезде еңбек өтілі аздау немесе жалақсы төмен болған азаматтармен теңестірілмейді. Жаңа реформаның әділдігі осыда. Тағы бір өзгеріс ай сайын төленетін зейнетақы жарнасының өсуіне қатысты. Бүгінде жұмыс беруші жұмысшы табысының 10 процентін ай сайын зейнетақы қорына жібереді. 2023 жылдан бастап жұмыс беруші бұдан тыс тағы 5 проценттік жарнаны аударуға міндетті. Бұл төлем өз есебінен іске асуға тиіс.

Арман Бейсембаев, қаржылық сарапшы:

– Бұл қосымша жарна, қосымша ақша деген сөз. Түсінгенімше, мемлекет осылай ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 процентін кәсіпкерлердің қалтасынан шығармақ. Демек, салмақ жұмыс берушіге түсетін сияқты. Мемлекеттік органдар мен квазимемлекетттік ұйымдарда жұмыс істесе бірсәрі, жеке меншік компанияларға бұл ыңғайсыз. Сөйтіп, көлеңкелі бизнеске айналып шыға келуі мүмкін. Біріншіден, бес процентті шығару үшін жұмысшының жалақысын төмендетуі мүмкін. Екіншіден, штаттан тыс жұмысшы ретінде жалдауына тура келеді. 

Қаржылық сарапшының пікірінше, реформаны іске асырудың өзге жолын тапқан жөн. Әйтпесе мұндай өзгеріс жекеменшік кәсіпкерлерге ауыр тиеді. Бүгінде «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында бұл мәселе қызу талқыланып жатыр.

Бақыт Топтаева, Наурыз Базаров