2030 жылға қарай елде егін шығымы 40% төмендеуі мүмкін

Орталық Азия өңіріндегі климаттың өзгеру процесі Қазақстан үшін шұғыл шешім қабылдауды міндеттейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай жағдай аймақтағы ең ірі бидай өндіруші мемлекетте су мен азық-түлік тапшылығына әкеп соғады. Жаһандық жылыну процесі жедел жүріп жатыр. Соның әсерінен 2030 жылға қарай елде егін шығымы 40 процентке төмендеуі мүмкін. Қазақстан әлем бойынша астық экспорттаушылардың алғашқы ондығына кіреді. Жылына 7 млн тонна бидайды сыртқа жөнелтеді. Жағымсыз сценарийді бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Париж келісімінің мақсаттарына қол жеткізу жолдары және Қазақстанның көміртегі бейтараптылығы» халықаралық конференциясында айтты. Жиын халықаралық сарапшылардың, іскер топ және азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен өтті. Президент климаттың өзгеруіне қатысты ахуалды тұрақтандыруға әлі де мүмкіндік бар деді. Ол үшін Париж келісімі шарттарын мұқият ұстану қажет. Мұны Қазақстан өз мысалдарымен дәлелдейді. Біздің ел табиғи ресурстар өндірісіне тәуелді бола тұра, алғаш болып көміртек бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі жоспарын жариялады.