Әлемдік экономиканың өсімі төмендеуі мүмкін

Коронавирус індетінен кейін әлемдік экономиканың қалпына келуі баяулап қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дүние жүзінде жеткізу мен тасымал нарығы тығырыққа тірелді. Бұған бірнеше себеп бар.

Халықаралық валюта қоры 2021 жылға арналған өсім деңгейін төмендетті. Ғаламдық экономикалық қарқын 5,9 процентке ғана жетуі мүмкін. Шілде айында жасалған болжамда бұдан 0,1 процентке жоғары болатын. Ең жетекші ел АҚШ-тың даму серпіні бақандай 1 процентке кеміген.

Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:

– Коронавирус індеті 100 миллионнан астам адамды жоқшылыққа душар етті. Әлемде 4 миллиардтан астам тұрғын әлеуметтік, медициналық қолдаудан және жеткілікті табыс табу мүмкіндігінен айырылды. Біріккен Ұлттар Ұйымы адамзаттың алдына қойған Тұрақты даму мақсаттарына жету мұраты далада қалды. Әділетсіздік пен әрекетсіздік зорлық-зомбылық пен қақтығысқа жол ашып отыр. Вакцина таратудағы теңсіздік экономикалық дағдарыстың ғұмырын ұзартады.

«Дельта» штамының кеңінен таралуы мен вакциналау жоспарының орындалмауы экономиканың қалпына келуін кері тартып отыр. Халықаралық валюта қорының мәліметі бойынша, дамыған елдерде халықтың 60 проценті толық екпе алып үлгерген. Ал артта қалған мемлекеттерде вакцинаны тұрғындардың төрт-ақ проценті салдырған.

Гита Гопинат, ХВҚ бас экономисі:

– «Дельта» штамы әлі дес бермей тұр. Коронавирустан қайтыс болғандар саны 5 миллионға жетіп қалды. Эпидахуалдың нашарлауына байланысты жеткізу, тасымал ісі қиындады. Сауда жүргізу саясаты күрделенді. Көптеген елді қымбатшылық жайлап барады. Жұмыссыздық деңгейі де жоғары. Еңбек нарығында жұмыс күші жетіспей отыр.

Індеттің кесірінен жүк тасымалдау бағасы өсті. Құрлықтағы жүк көлігін тізгіндейтін мамандар жетіспей жатыр. Жүк кемелері айлақтарға кіре алмай әлек. Осыған байланыстыүлкен кептеліс пен кезек пайда болды. «Мудис» халықаралық рейтинг агенттігінің хабарлауынша, шекарадағы бақылаудың күшеюі, жүріс-тұрысқа енгізілген шектеулердің жеңілдемеуі – басты кедергі.

Карли Макгиннис, жеткізу компаниясының аға қызметкері:

– Жүк жеткізу ісі кейінге қалып жатыр. Мұның соңы тауар тапшылығына әкелері сөзсіз. Менің ойымша, қазір үлкен компаниялардың асығы алшысынан түсіп жатыр, себебі олардың қаржылық жағынан мүмкіндігі зор. Ерте тапсырыс береді, қысқа мерзімде жылдам жеткізеді. Бұл жерде орта және ұсақ компаниялар тығырыққа тірелді. Жеткізу мен тасымалдаудағы кедергілер кемінде 2 жылға созылады деп ойлаймын.

Қазір Лос-Анджелестегі айлаққа жетер тұста жалпы құны бірнеше миллиард доллар тұратын киім-кешек, жиһаз және электроника бұйымдарын тиеген 60-тан астам жүк кемесі қаңтарылып тұр. Оларға айлаққа жақын келіп, жүгін түсіру үшін әлі күту керек. Мұның қанша уақытқа созылатыны әзірге белгісіз. Лос-Анджелес АҚШ-тағы нөмірі бірінші айлақ деп саналады. Коронавирус басталғанға дейін бұл жер Америкаға келетін импорт тауарларының жартысынан астамын өткізетін. Сол кездің өзінде бірде бір кеме кезекте ұзақ тұрмайтын.

Ген Серока, Лос-Анжелес айлағының атқарушы директоры:

– Азиядан АҚШ-қа ең төте жол Лос-Анджелес арқылы өтеді. Қазір жүк кемелерін қабылдау бойынша біз күнде рекорд орнатып жатырмыз. Барлығы тауарын бірінші болып өткізгісі келеді. Бұл жердегі жағдайды былай түсіндіріп көрейін. Үлкен тас жолда 10 жолақ бар дейік, оны 5 жолаққа қысқартқанда, көлік кептелісі күшеймей ме? Бізде қазір дәл сондай қарбалас және жанталас болып жатыр.

Біріккен Ұлттар Ұйымы әлемдік экономиканы қалпына келтіру үшін вакциналау қарқынын күшейту керек деп есептейді. Ол үшін жыл аяғына дейін әр елдегі екпе салдырғандар санын тым құрығанда халықтың 40 процентіне, ал келесі жылдың ортасына қарай 70 процентке жеткізу қажет.

Ернат Мелсұлы