426,32 496.50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Өскемен мыс зауытындағы жабдық Wi-Fi арқылы басқарылады

  • 74
  • UPD: 09:04, 14.10.2021
Өскемен мыс зауытындағы жабдық Wi-Fi арқылы басқарылады

Елдің шығысында Индустрия 4.0 жобалары әзірленіп жатыр. Өңірдің металлургия саласында технологиялық жабдықтар автоматтандырылып, онлайн жүйеге көшіріледі. Яғни ірі қондырғыларды енді машинистер емес, Wi-Fi сенсоры арқылы арнайы мамандар басқарады. Цифрландырудың жаңа бағдарламалары арқылы тау-кен өндіру секторындағы өнім көлемін 40%-ке арттыруға болады деген жоспар бар.

Өскемен мыс зауыты бүгінде цифрлық технологиямен жабдықталған. Қол күшін қажет ететін ауыр жұмыстарды бір ғана батырманың көмегімен атқаруға болады. Оған қоса еңбек шығындары да азайған. 2010 жылы мұнда 5 мың жұмысшы болыпты. Енді 450 маман жыл сайын 70 мың тонна катодты мыс шығаруға қауқарлы.

Дмитрий Телеляев, мыс зауытының директоры:

- Мұндағы жұмыстың цифрлық жүйеге көшуі әрине тиімді. Қол күшін арнайы құрылғылар алмастырады. Оған қоса өнім деңгейі де арта түседі. Бұл жерде барлығы онлайн режимде бақыланады.

Әлем нарығында уран құны алюминийден кейін 2-орында. Оған дәлел соңғы айда 1 фунт уран бағасы ядролық отын өндірісінде 50 процентке қымбаттады. Ал біздің еліміз уран өндірісінен жетекші орында. Оны өңдеу технологиясын қазір мамандар жетілдіріп жатыр.

Ғалымдардың пікірінше, бүгінгі индустриялық қарқын халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді. Оларды басқару және конвейерлерге орналастыру осы заманғы ең озық технологияға негізделген.

Тау-кен өнеркәсібінде геологиялық деректерді цифрлық жүйеге көшіру кезек күттірмейтін іс, дейді профессор Наталья Денисова. Бүгінде ғалым кен алаңдарының цифрлық карталарын жасаумен айналысады. Ол кеніштерді геологялық барлаудан бастап, карьерлерді өндіріске енгізу процесін тездетеді. 

Наталья Денисова, профессор:

- Бұл жоба алдымен барлаудан бастап түпкілікті пайдалануға дейінгі процесті жеделдетеді. Сонымен қатар барлаудың өзіне тікелей әсер етеді, яғни деректер жиналып, жұмыс жүйеленеді.

2022 жылы тау-кен өндіріс секторындағы өнідімділік 40 процентке артпақ. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек тиімділігін екі есе көтеру жоспары бар.  

Асланбек Шығыр, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы