Қ.Тоқаев ТМД-да өзара сауда айналымын арттыруды ұсынды

ТМД мемлекеттері өзара алыс-берісті арттыруы керек. Ұйымға мүше елдердің өңірлік тауар айналымы 91 млрд доллардан сәл-ақ асады. Көрсеткіш әлемдік сауданың 1 процентіне де жетпейді. Мұндай ұсынысты бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД елдері басшылары кеңесінің отырысында айтты.

Анығында ұйым мемлекеттерінің әлеуеті зор. Президент жиында өнеркәсіптік кооперацияны бірлесіп дамытуға шақырды. Аграрлық салада мүмкіндік мол. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы нарығын құру арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Жиында ТМД-ның 30 жылдығы да атап өтілді. Қасым-Жомарт Тоқаев достастық ұйымының негізі Алматыда қаланғанын айтты. Тұңғыш Президенттің бастамасымен бұрынғы Кеңес үкіметі республикалары арасында саяси диалог қалыптасты. Алматы декларациясы қабылданып, көп қырлы ықпалдастыққа кең тыныс ашылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осыдан тура 30 жыл бұрын Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Алматыда Мемлекеттер басшыларының тарихи кездесуі өтіп, онда Алматы Декларациясы қабылданған болатын. Осынау тағдыршешті құжат жаңа тәуелсіз мемлекеттердің көпқырлы ынтымақтастығына мығым негіз қалады. Бүгінде Достастық посткеңестік кеңістіктегі ауқымды апаттардың алдын алуда маңызды роль атқарып, халықтарымыз арасындағы өзара байланыстарды сақтауға септігін тигізді.