Еңбекшіқазақ ауданында күзгі жиын-терімді аз жинаған фермерлер шағым айтты

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында бау-бақша мен егін егетін 20 шақты фермер үшін күзгі жиын-терім ойдағыдай болмады. Жазда егін уақытылы суарылмаған. Салдарынан жүгері қурап, асқабақтар піспей қалды. Шаш етектен шығынға баттық деп шағымданған шаруалар «Талғар ирригация» мекемесін кінәлап отыр. Алайда мекеменің өз уәжі бар.

Қойшыбек ауылында тұратын Андрей Губерт көктемде 3 гектар жерге жоңышқа, 2 гектар алқапқа қауын-қарбыз бен асқабақ екті. Егінді суғару үшін «Талғар ирригация» кәсіпорынымен келісім-шарт жасасып, ақшасының жартысын алдын ала төлеп те қойған. Бірақ маусым айында суарылуға тиіс алқапқа бір тамшы да тимеген. Диқанның есебінше, 1 гектар жерден ол кемінде 20-30 тонна асқабақ жинауға тиіс еді.

Андрей Губерт, бағбан:

- Бізге су жетпейді. Жоғары жақтағыларға жетеді. Бұны қалай түсінуге болады? Жаздай диқандар арасында суға талас-тартыс жүреді. «Талғар ирригация» мекемесіне 18 рет барып, жағдайымызды шырылдап айттық. Бірақ олар әне береміз, міне береміз деп құрғақ уәдемен шығарып салады. Биыл алқабым уақытылы су ішпегендіктен өнімнің жартысынан айырылып, шығынға баттым.

Бәйтерек ауылдық аймағындағы 40-қа жуық шаруа қожалығыныңда жағдайы мәз болмады. «Ала жаздай тер төгіп еткен еңбегіміз далаға кетті» дейді шаруа Геннадий Шатохин. Барлығы бірігіп, сайдағы қайнар-бұлақтың көзін ашып, канал қазып, қарекет қылғанымен нәтиже шамалы. Өйткені жүздеген гектар егін алқаптарын бір ғана Тереңқара каналы арқылы суару мүмкін емес.

«Ал сумен қамтамасыз етуге жауапты компания келісім-шарт бойынша барлық диқанға суды жеткізіп беруге тырыстық», - дейді.

Мадияр Мұхаметқалиев, «Талғар ирригация» МКК директоры:

- Кейбір жағдайда өзі шаруа қожалықтарымен кезекпе-кезек суару керек сол кезектерін дұрыс пйдалана алмады. Сол себептен бұларға су жетіспеушілік болды. Ал Геннадий Шатохин ол кісі бізге июль айының ортасына таман заявка беруге. Біз участок басшысымен барған кезімізде ол кісінің полясынан баратын арықтың болмауы, өзінің жүгерісін суаратын арықтардың болмауынан біз ол кісіге бермедік. Кейін ол кісі өзінің арығын жасағаннан кейін барып су берілді.

«Талғар ирригация» мамандары әр алқап басында суды қажетті мөлшерде қабылдап алатын гидроқондырғылар орнатылуы керек. Бірақ оны диқандар жасағысы келмейді. Сондықтан су ысырап болатындығын алға тартса, бағбандар «егер су келмесе оны не үшін орнатамыз» дейді. Суару маусымы аяқталғандықтан қазір Тереңқара каналында су жоқ. Арна күл-қоқыс пен тұрмыстық қалдықтарға толып кеткен. Оны ешкімнің тазаламайтындығы қынжылтады.

Дмитрий Пятов, Бәйтерек ауылының тұрғыны:

- Әкімдікке барып мына масқара жағдайды айттық. Олар міз бақпайды. Енді қайда шағымданатынымызды білмейміз. Өзен арнасы күл-қоқысқа толып бітті. Мұны кім тазалайды сонда? Мынау деген нағыз экологиялық апат қой. 

Жағдай жақсармаса Нұра мен Байтерек ауылдық аймақтарындағы 400-ге жуық ірілі-ұсақты шаруа келесі жылы да суға жарымайтыны анық. Бір ғана «Байтерек» бөлімшесіне қарасты 200 шақырымдық ирригациялық жүйеге күрделі жөндеу қажет. Дегенмен, биыл Тереңқара каналына су үлестіргіш гидроқондырғы орнату жұмысы басталады. Оған облыс бюджетінен қаражат қарастырылыпты. Бұған қоса шаруалар бірігіп, ауылшаруашылық кооперативін құрса, мұрапты тағайындаса келіспеушілік азайып, суару да реттелер еді», - дейді мамандар.

Алмас Садуақас, Нұрдәулет Жақсыбай