Бірнеше министрлік бірлесіп, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасын іске асырады

Бұдан былай Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы, Экология, Еңбекпен қамту, Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрліктері бірігіп, ортақ жобаны іске асырады.

Ұлттық жоба «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» деген атауға ие. Ол халыққа теңдей қызмет етуді қамти отырып, тұрғын-үй коммуналдық, көліктік-логистика инфрақұрылымын кешенді түрде дамытуды көздейді. Осылайша «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» және «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламалары ортақ бір жобаға айналды. Аймақтардың әлеуетін арттыруға арналған құжатта 10 басым бағыт белгіленген. Қоғамға әсері жолдарды жаңғырту, газ-су-электр және жылумен қамтуда айқын көрінуі тиіс.

Нұрболат Құрметұлы, экономикалық зерттеу институты өңірлік зерттеулер орталығының өкілі:

- Бұл ұлттық жоба екі бағыттан тұрады. Біріншісі, базалық көрсетілетін қызметтерге қол жеткізудегі тепе-теңділік. Екіншісі , көліктік байланысты дамыту. Әр бағыттың өзінің шешетін міндеттері бар, сол міндеттер бойынша кең көлемді іс-шаралар қарастырылған. Бұл бұрынғы мемлекеттік бағдарламалар сияқты ұзақ мерзімді 10 жылға емес, қазір орташа мерзімге бес жылға бағытталған.

Оңтайланған жобаға бөлінетін қаражат 7,6 трлн теңгені құрайды. Оның 4 трлн теңге республикалық бюджеттен, жергілікті бюджеттен 786 млрд теңге қарастырылады. Ұлттық жобалардың тізімін бекіту туралы қаулыға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан бірер күн бұрын қол қойған. Әр сала бойынша қабылданған ауқымды бағдарламалар тізбедегі 10 жобаға біріктірілген.