Ауыл шаруашылығы министрлігі жұмыртқаны қымбаттатпау жолын ойластыруда

Елде көктемге қарай ет қымбаттауы мүмкін. Ал әлеуметтік нан бағасының өсуіне жол берілмейді. Құс жұмыртқасын қымбаттатпау үшін ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесе тиісті шараларды ойластырып жатыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жобаны» таныстыру кезінде мәлімдеді.

Елімізде өндірілетін ет көлемі ішкі нарықты қамтуға жетеді. Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, отандық мал шаруашылығы ірі қара етіне деген сұраныстың 98 процентін қамтып отыр. Ал ішкі нарықтағы қой етіне сұраныстың 100 проценті қамтылған. Сол себепті етті сырттан импорттаудың еш қажеті болмайды. Алайда биылғы қуаңшылыққа байланысты жем-шөп бағасы өскендіктен ет бағасын ұстап тұру қиынға соқпақ.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Еттің бағасы өсуі ықтимал. Өсуі ықтимал, себебі мына ет өндіруші, өндіріп жатқан қожалықтар, шаруа қожалықтары өздерінің шығындарын бәрін өтеуі керек қой. Сол себепті еттің бағасы өсуі мүмкін деп жоспарлап отырмыз. Енді қатты өсуі болмайтын шығар.  

Былтырдан бері жұмыртқа өндірушілерге бөлінетін субсидия екі есеге кеміген. Жем бағасы арзанға түспейтіні белгілі. Өнім бағасының 70 проценті жем құнынан құралатынын ескерсек, жұмыртқаның бұдан әрі қымбаттай беруі ғажап емес. Ал өзіндік құны артатын өнімді бұрынғы бағада сату кәсіпкерлер үшін тағы тиімсіз. 

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Қазір енді мына жұмыртқаның, құс етінің бағасы өсуімен байланысты біз апта сайын цифрлық өкіметтің алаңында әкімшіліктің бәрлерімен кездесіп, осы проблеманың шешімін іздетіп жатырмыз. Біраз шара дайындалып жатыр, ол шаралар жақын арада айтылатын болады. 

Өзекті мәселенің тағы бірі нан бағасына қатысты. Ұнның қымбаттауына байланысты көптің көңілінде «нан бағасы өсе ме» деген күдік ұялаған. Министр бұл ретте елімізде жеткілікті ұн қоры жасақталғанын айтып, әлеуметтік нанның бағасы өспейтінін жеткізді. Сондай-ақ Ресейден заңсыз тасымалданатын бидайдың жолы кесілетіні мәлім болды. Ведомствоның хабарлауы бойынша тамыз айында 100 мың тонна, ал қыркүйекте 90 мың тоннасы астыртын түрде әкелінген екен. Бұл деректер Батыс Қазақстан, Павлодар мен Шығыс Қазақстанда тіркелген. Енді мұндайға жол бермес үшін министрлік көршілес елмен келісім жасаған. 

Алмабек Марсұлы, Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы:

- Біздер Ресей Федерациясымен Россельхознадзормен осы жақында келіссөз өткізіп, келісім-шарт жасап, жаңағы хаттама жасап осы арнайы бидайге байланысты болған фактілер болса, болашақта сол кәсіпкер бұл сертификатты ала алмайды, біз жақта біз бермейміз ондай заң бұзушылыққа барса, не болмаса Ресей Федерациясында бермейді. Сондықтан біздер бұл мәселені екі жақта қатаң бақылауда ұстап отырамыз. 

Ішкі нарықты негізгі өнімдермен қамту «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жобаның» басты мақсаттарының бірі. Сонымен бірге, экспорт көлемін 2 есеге арттыру межеленсе, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 2,5 есеге ұлғайту көзделген. Алдағы жылдары 100 мың ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылады. Ал 400 мыңы маусымдық еңбекке араластырылмақ. Ұлттық жобаны таныстырған ауыл шаруашылығы министрі ауылдағы 1 млн  халықтың табысы өседі дейді. Бұған 7 ірі экологиялық жүйе мен  инвестициялық жобалар сеп болмақ.

Бақыт Топтаева