Қазақ-қытай кәсіпкерлерінің форумында Қазақстан теміржолдарының маңызы туралы айтылды

Цзянсу өңіріндегі Ляньюньган қаласында қазақ-қытай кәсіпкерлерінің форумы өтті.

Басқосуға қатысушылар өңірлік логистикада бөгеттерді алып тастау және теміржол мен теңіз тасымалының ауқымын кеңейту мәселелерін талқылады. Жергілікті айлақта Қазақстан мен Қытайдың бірлескен логистикалық орталығы орналасқан. Цзянсу – даму көрсеткіші бойынша Қытайда екінші орында тұрған өңір. Өткен жылы бұл аймақтың Жалпы ішкі өнімі бір жарым триллион доллардан асып түсті. Мұнда логистика, химия, мұнай химиясы, фармацевтика және ауыл шаруашылығы салалары жақсы дамыған. Форуммен қатар «Ляньюньган – Қазақстан мен Қытай арасындағы достық пен ынтымақтастық қақпасы» атты фотокөрме өтті.

Лю Айминь, логистикалық компания бас директорының орынбасары:

– Қазақстандық көлік-логистикалық компания өкілінің баяндамасы бізге қызық болды. Өйткені біз Ляньюнган қаласынан транзиттік тасымалмен айналысамыз. Теміржол барлық жүгімізді өткізе алмайды. Сондықтан Қазақстанның теміржолдарымен ынтымақтастық ауқымын кеңейтіп, Орталық Азия мен Еуропа елдеріне транзит мүмкіндіктерін арттыруға үміттіміз. 

 Цзунь Сяоцин, электронды коммерция компаниясының президенті:

– Халықаралық тасымалмен айналысатындардың көбі кедендік рәсімдерден өтеді. Біз цифрлық ақпараттық платформа құрдық. Ол қазақстандық кәсіпкерлерге жергілікті заңдылыққа қатысты мәселелерді шешуге көмектесіп, оларды жедел әрі оңай арнамен қамтиды.