Қазақтандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ұлттық жоба құрылды

Мұнай-газ химиясы және энергетикалық кешендерді дамыту, геологиялық зерттеулерді ілгерлете отыра шикізаттық емес экспортты үдету. Міне осы бағыттағы ауқымды шараларды іске асыру мақсатында бірыңғай ұлттық жоба құрылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» атты жобада 13 көрсеткіш айқындалған. Бұл нені білдіреді? Біріншіден, 2025 жылға дейін 102 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны құрылады. Осылайша еңбек өнімділігі 20% артпақ. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінің өнімділігін 1,5 есеге арттырып, шикізаттық емес экспортты екі есеге, яғни 41 млрд. АҚШ долларына дейін ұлғайту көзделіп отыр. Құжаттың оңтайлығы сол, межеленген міндеттерге қол жеткізу үшін жобалық басқару қағидаты қолданылады. Яғни әрбір іске жауапты лауазымды тұлға тағайындалмақ.

Қымбат Ахметжанова, Стратегиялық талдау департаментінің бас сарапшысы:

– Ұлттық жобаларды қалай іске асыру керек? Сол туралы мемлекеттік органдармен, сарапшылармен жиі кездесулер өткізіледі. Сонымен бірге белгілі бір мәселелер туындаса, бұл құжат ыңғайлы болмақ. Дер кезінде қандай да бір шешім қабылдап, қажетті шараларды іске асыруға тырысатын болады. Жобалық басқару қағидатының ерекшелігі осы.