Мәжілісте үш жылдық бюджет мақұлданды

Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындауға мүмкіндік беретін, елді дамыту мақсаттарына жауап беретін, пандемиядан кейінгі қалпына келтірудің күрделі жағдайларын ескеретін етіп жасалған.

Мәселен, үш жылдық бюджет жобасында мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсартуға 79,8 млрд. теңге қарастырылған. Осы қаражат есебінен мүгедек адамдар протез, арба сияқты техникалық оңалту құралдары мен санаторий-курорттық ем алады. Онымен қоса, 84 мың техникалық компенсаторлық құрал, 9,6 мың есту аппараты, 16 мың тифлотехникалық құрал және басқалары сатып алынбақ.

Бұл тауарларды сатып алу  2020 жылдан бері «Әлеуметтік қызметтер порталы» деп аталатын министрліктің ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Нәтижесінде адамдар көптеген проблемаларға тап болды. Осыған орай Мәжіліс төрағасы мүгедектер үшін іске қосылған порталдың сапасыздығын тілге тиек етті.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Мәжілісінің төрағасы:

- Бұл проблема бүгін ғана айтылып отырған жоқ. Бұл туралы депутаттар сіздің атыңызға депутаттық сауал да жолдады. Сіз шешуге уәде бердіңіз. Бірақ жарты жыл өтті. Әлі ешқандай өзгерістер жоқ. Қандай жұмыс жасалды? Бүгін, міне, тағы да бөлінетін қаражатты көбейтуді сұрап отырсыз. Ал оның нәтижесі қандай болады? Әрине, осындай кісілерге көмектесуіміз қажет.

Үш жылдық бюджетте сондай-ақ еңбекпен қамту, кәсіпкерлікті қолдау, бизнесті дамыту, ауылды өркендету сияқты басқа да салаларға тиісті қаражаттар қаралды.