Ақтауда халықаралық логистикалық база салынады

Жыл аяғына дейін Ақтауда Еуразия өндірістік-логистикалық базасының құрылысын бастау жоспарланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Қытайдың Ляньюньган қаласында өткен арнайы конференция барысында белгілі болды. Қытай мен Каспий жағалауындағы мемлекеттер арасындағы мультимодельді жеткізу жүйесі Ляньюньган мен Ақтау айлақтарын байланыстырады. Қазақстандық айлақта логистикалық қызмет көрсетумен қатар, құрастыру, өңдеу кәспорындары салынып, шекаралық сауда жүреді.

Жоба арасы сегіз мың шақырым Ақтау мен Ляньюньган айлақтарының артықшылықтарын үйлестіруге арналған. Тауарлар Қазақстан аумағы арқылы Каспий жағалауындағы елдер, Кавказ, Таяу Шығыс пен Шығыс Еуропаға және кері бағытта Қытай мен Азия-Тынық мұхит аймағына тасымалданады.

Қуаныш Амантай,  «Kazakh Invest «ҰК» АҚ Қытайдағы бас өкілі:

– Жобаның басты мақсаты  – Каспий өңірі, Қытайдың шығыс бөлігі мен Шығыс Азия арасында жаңа сауда жолдары мен жаңа тауар айналымын құру. Осы жөнінде еуропалық және шығыс азиялық компаниялармен келіссөздер өтіп, олар осы бағдарға үлкен қызуғышылық танытты. Келесі жылдың соңында бұл жоба біртіндеп жүзеге асады.

Қос айлақта қоймалар, өнім шығаратын және өңдейтін цех және халықаралық теміржол  терминалдарын салу жоспарланған. Жобаны халықаралық қаржылық даму институтары қаржыландыруға ниетті. Құрылтайшылардың айтуынша, бұл жобаның тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді. Болашақта кәсіпорын өз жұмысының ауқымын кеңейтпек.

Сунь Ванпин, «Ace Group» компаниясының президенті:

– Болашақта осы жоба іске асқаннан кейін Қытай мен Еуропа арасындағы пойыздар Каспий теңізі арқылы өтуі үшін Ақтаудың қолайлы географиялық орнын пайдаланғымыз келеді. Бұл пойыздар Ляньюньганнан ғана емес, Қытайдың өзге қалаларынан да қатынайды. Ақтаудан теңіз арқылы Бакуге, ал одан Еуропаға жүреді.

Бизнес өкілдерінің пікірінше, бұл Маңғыстау облысының экономикасына елеулі пайда әкеледі. Еуропаға қатынайтын пойыздар айлақтың өткізу қабілетін арттырумен қатар Қазақстанның транзит әлеуетін көтеріп, жаңа жұмыс орындарын құрады. Жобаның тек бірінші кезеңін іске асыру үшін жерлікті тұрғындар арасынан жүзге жуық маман тарту көзделіп отыр. Өзге жағынан бұл екі айлақ арасында байланыстарды бекітуге өз септігін тигізеді.